Неміс туроператорлары шығысқа қызығуда
Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық нарықта таныту жұмыстары қарқын алып келеді. Наурызда Германияда өткен ITB Berlin көрмесінде өңірдің мүмкіндіктері таныстырылған еді. Соның нәтижесінде немістің ірі туристік компанияларының өкілдері аймаққа арнайы келген.
Германиялық мамандардың сапары бес күнге созылды. Шетелдік қонақтар Өскеменнен бастап Үлкен Нарын, Катонқарағай, Берел және Рахман қайнарында барып қайтты. Бұдан бөлек, туристік ақпараттық орталықтардың жұмысымен танысты.
Татьяна Исенева, Шығыс Қазақстан облыстық туристік ақпараттық орталығының басшысы:
Наурыз айында біз ITB Berlin халықаралық туристік көрмесінде Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырған болатынбыз. Бүгінде сол жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Өңірімізге Германияның жетекші туроператорлары келіп, Катонқарағай, Берел және Рахман қайнары сияқты туристік нысандармен танысты. Бұл сапар халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, шетелдік туристер санын арттыруға және Шығыс Қазақстанды Еуропада танымал туристік бағыт ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Шетелдік мамандарға өңірдің табиғи және тарихи-мәдени нысандары, экотуризм мен белсенді демалыс бағыттары таныстырылды. Әсіресе Алтайдың табиғаты неміс туроператорларының қызығушылығын тудыруда. Мәселен «Studiosus Reisen München» компаниясы Шығыс Қазақстанды жаңа туристік маршрут үшін перспективті аймақ деп бағалады.
Петер Штруб, «Studiosus Reisen München» туристік компаниясының кеңесшісі:
Қазақстанды туристік бағытымызға 60 жылдан астам уақыт бұрын енгіздік. Бірақ осы уақытқа дейін негізінен Алматы мен Шарын шатқалына ғана турлар ұйымдастырылып келді. Енді Қазақстанды жеке туристік бағыт ретінде кеңейткіміз келеді. Сол себепті Алтай өңірлерін қамтитын екі апталық жаңа маршрут әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Әсіресе Алтай біз үшін қызықты. Германияда Алтай таулары жақсы танымал, алайда көбіне Ресей мен Моңғолия аумағымен байланыстырылады. Қазір жаңа бағыттарға сұраныс артып отыр. Шығыс Қазақстанның таулары, табиғаты, көлдері мен кең даласы бізге ерекше әсер қалдырды. Бұл өңір Германиядан келетін туристер үшін өте тартымды бағыт бола алады деп ойлаймын.
Табиғат аясындағы саяхаттарға маманданған «ZebraPunkte GbR» компаниясы да өңір мүмкіндіктерініне тәнті. Алдағы уақытта олар Германиядан Шығыс Қазақстанға туристер тартуға ниетті.
Майке Берг, «ZebraPunkte GbR» туристік компаниясының басқарушы директоры:
Қазақстанның табиғаты маған ерекше ұнады. Қаладан алыстап, жабайы табиғат аясында серуендеу, жаяу саяхаттау және жануарларды көру мүмкіндігі біздің туристеріміз үшін өте қызықты. Әсіресе таулар, көлдер мен сарқырамалар үйлескен Рахман қайнары маңындағы табиғат қатты әсер қалдырды. Ендігі мақсатымыз – Қазақстандағы жергілікті туристік компаниялармен байланыс орнатып, неміс туристеріне осындай ерекше бағыттарды ұсыну.
Бұл сапар – Шығыс Қазақстанды халықаралық нарықта ілгерілетудің маңызды қадамы. Неміс туроператорларының өңірмен танысуы жаңа маршруттар ашып, шетелдік туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – жаңа серіктестікті нақты туристік жобаларға айналдыру.
Нұртас Қайролдаев