Облыста әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіне енгізілген өзгерістер және мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолдау шаралары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңір тұрғындарына әлеуметтік қорғау саласы бойынша 21 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Өңірлік департамент халыққа 17 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынады. Оның ішінде зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді тағайындау, сондай-ақ егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қолдау бағыттары бар.
Риза Ахметова, Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы:
Біз жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық зейнетақы тағайындаймыз. Яғни, қазіргі уақытта ер адамдар 63 жастан, әйел адамдар 61 жастан зейнетақыға тағайындалуға құқылары бар. Бұл жерде тағы бір айтатыны, жасына байланысты зейнетақы еңбек өтілі мен жалақысына байланысты. Сондықтан, зейнетақы жасына таяғанда жарты жыл, 1 жыл бұрын құжаттарын қарап, қандай да бір жазбалар еңбек кітапшасында дұрыс болмаса, мөрлері өшкен болса мұрағат анықтамасын сұрату керек.
Департаменттің негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік қолдау шараларын айқындау. Бұл қызмет медициналық құжаттардың негізінде тегін көрсетіледі. Қазір сараптамадан күндізгі форматта да, сырттай да өтуге болады. Сонымен қатар, өтініштерді еліміздің өзге өңірлеріндегі тәуелсіз мамандар қарап, бұл қызметтің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді.
Наталья Литке, ШҚО бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы м.а:
Пациенттердің жеке деректері толықтай жасырылған. Дәрігерлер кімнің құжаттарын қарап отырғанын білмейді. Оларға тек медициналық құжаттар мен диагноз ғана ұсынылады. Медициналық құжаттардың барлығында да азаматтың жеке мәліметтері көрсетілмейді. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа моделі де енгізілуде. Пилоттық жоба әзірге Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жүйеге сәйкес, техникалық құрал істен шыққан жағдайда оны жөндеу немесе уақытша алмастыру қарастырылған. Ал, балаларға арналған оңалту құралдары олардың жас ерекшеліктері мен қажеттілігіне сай мерзімінен бұрын ауыстырылуы мүмкін. Алғашқы кезеңде жоба мүгедектер арбасы мен жүріп-тұруға арналған құралдарды қамтиды. Алдағы уақытта бұл тәжірибені техникалық оңалту құралдарының басқа түрлеріне де енгізу жоспарланып отыр.
Фатима Тілейханқызы