Катонқарағай төрінде өткен халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі биыл да түркі халықтарының бай мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын ұлықтаған ірі рухани шараға айналды. Елу мыңға жуық адамның басын қосқан фестиваль аясында этноауыл құрылып, онда ұлттық қолөнер көрмелері, шығармашылық шеберханалар мен ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Сонымен қатар, шығыстың әр ауданы өзіне тән тарихын, салт-дәстүрін, халықтық өнері мен ұлттық болмысын көпшілікке таныстырды.
Ауқымды мәдени шараға Глубокое ауданы ерекше дайындықпен келген. Ауданнан әкелінген екі киіз үйде өңірдің тарихи-мәдени мұрасы мен туристік мүмкіндіктері заманауи форматта ұсынылды. Көрменің басты ерекшелігі – жасанды интеллект технологиялары. Келушілер интерактивті таныстырылым арқылы ауданның көрікті жерлері мен туристік нысандары туралы тың ақпарат алды.
Гүлнар Сейілжанова, Глубокое аудандық Достық үйінің директоры:
Бізде осы фестивальге келер алдындағы басты мақсат – алып келетін дүниелерді міндетті түрде цифрлап, жасанды интеллектпен насихаттауды, жауһарларымызды көрсетуді насихаттап алған едік.
Фестиваль күндері Глубокое ауданының көрме алаңы келушілер ең көп жиналған орындардың біріне айналды. Мұнда қонақтарға өңірдің табиғи әлеуеті, демалыс орындары, ауданның жетістіктері мен танымал тұлғалары таныстырылып, туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар кеңінен насихатталды.
Рыскүл Мұратбекова, Предгорное №1 орта мектебінің директоры:
Бірінші киіз үй – Глубокое ауданы бойынша демалыс орындарға арналған. Аудан бойынша ең танымал 6 демалыс орны бар. Сол орындарды виртуалды көруге болады. Екінші киіз үй – біздің ауданның қарқынды дамуы көрсетілген. Соған бағытталған жұмыстарды көрсеттік екінші киіз үйде.
Глубокое ауданы үшін халықаралық фестивальге қатысу – мәдени мұрасын дәріптеп қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Табиғаты көркем, тарихы терең өлкенің мүмкіндіктері фестиваль қонақтарының қызығушылығын арттырды.
Фатима Тілейханқызы