Аймақта су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары халық көп демалатын орындарда күнделікті патрульдік бақылау жүргізіп жатыр. Облыста шомылу маусымы басталғалы бері суға бату салдарынан төрт адам көз жұмған. Барлық қайғылы оқиға қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болған.

Жаз басталғалы өңірдегі су айдындарында 1200-ге жуық профилактикалық рейд өткізілді. Тексеріс кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған 17 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Нұрасыл Болатқанұлы, ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері:

Облыс аумағында суға түсуге арналған 23 демалыс орны бекітілген. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаментінің 5 құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Самар ауданының Новостройка ауылында мобильді құтқару бекеті тәулік бойы кезекшілік атқарып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етеді. Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ТЖМ-нің 2-құтқару батальонының әскери қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер де жұмылдырылған. Олар бірлесіп рейдтер өткізіп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде.

Құтқарушылар заманауи катерлердің көмегімен су айдындарын бақылап, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Енді құтқарушылар демалушыларға ескерту жасау үшін динамигі бар дрондарды пайдаланып жүр. Әуеден ұшатын құрылғылар жағажайлардың үстімен ұшып, судағы қауіпсіздік ережелерін хабарлап, тұрғындарды қауіптің алдын алуға шақырады. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары заманауи технологияларды қолдану қауіпсіздікті күшейтіп, қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтады.

Қуаныш Есембаев, ШҚО ТЖД жедел құтқару жасағының бөлімше басшысы:

Бізде рейд таблицамен көзделген. Соған байланысты Ертіс өзені бойында, котлованда, Бұқтырма су қоймасы базасында жасақ бөлімшелері бар. Моторлы қайықтармен сағат 9 дан кешкі 21:00 ге дейін рейд жүргізіліп отырады. 

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек рұқсат етілген орындарда шомылуға, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Фатима Тілейханқызы