Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Ана мен бала орталығының қайта жаңғыртылып жатқан перзентхана ғимаратына барды. Жұмыс сапары барысында өңір басшысы құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысымен танысып, болашақ медициналық мекеменің бөлімшелерін аралап көрді. Нысанды күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталған. Жоба толық аяқталған соң мұнда жүкті әйелдерге, босанатын аналар мен жаңа туған нәрестелерге жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастырылады.
Жоба аясында ғимараттың ішкі кеңістігі толық жаңартылып, инженерлік-коммуникациялық жүйелер қайта салынады. Сонымен қатар, медициналық мекеме озық үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Нұрымбет Сақтағанов нысанның әлеуметтік маңызы айрықша екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ емделушілер мен медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз, жайлы әрі барлық талапқа сай жағдай жасау басты міндет екенін тілге тиек етті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің облысымызда аудандардағы денсаулық сақтау мекемелері бар қаламыздың өзінде 1-ші қалалық аурухана 7 этажы түгел күрделі жөндеуден өтті. Онкоцентр бар, мынау ана мен бала орталығының перзентханасын қайта жарақтандырудан өткізіп бітіріп жатырмыз.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда негізгі жұмыстар құрылыс нысанын аяқтауға, инженерлік коммуникацияларды монтаждауға және медициналық құрал-жабдықтарды орнатуға арналған бөлмелерді дайындауға бағытталған.
Дархан Шотабаев, «DK Build» мердігер ұйымының директоры:
Жоба бойынша бізде 157 оборудование келу керек. Бұның ішінде жиһаз да кіреді. Почти 120 оборудование бәрі мед оборудование болып тұр. Онда заказ алынған, заказ берілген. Енді қазір күтудеміз. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 95 пайызға бітіп тұр.
Қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде заманауи талаптарға толық сай келетін жаңа перзентхана пайдалануға беріледі. Нысан толық аяқталып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеннен кейін мұнда облыс тұрғындарына қауіпсіз әрі жайлы жағдайда сапалы медициналық көмек көрсетіледі.
Аяулым Усинова