Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде өнер көрсетті. Катонқарағай ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын мәдени шара түбі бір түркі жұртының рухани құндылығын дәріптеді. Биылғы фестиваль ақын Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналды.Толығырақ тілші сюжетінде.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тікелей қолдауымен өткен дәстүрлі шара күллі түркі жұртын Төр Алтайға біріктірді. Айтыс, поэзия кеші, ұлттық спорт түрлері, аламан бәйге, этно-мәдени жобалар, қолөнер көрмелері және түрлі жанрдағы этно концерттік бағдарламалар көптің көңілінен шықты. Айақтың әр ауданы киіз үйі тігіп, алыс-жақыннан келген қонақтарды қарсы алды. Фестиваль аясында республикалық ақындар айтысы да тартысты өтті. Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерманға Шығыс жұртының атынан облыс әкімі автокөлік сыйға тартты.

Айтыстың қорытындысы бойынша бас бәйге облыстың намысын қорғаған Серік Қуанғанға бұйырды. Бұл - ақынның айтыс сахнасындағы жеңіп алған ең алғашқы автокөлігі.

Серік Қуанған, айтыскер ақын:

Алтайдың төсі дүбірге бөленіп, туризм жаңа бағытқа дамығанын көріп отырмыз. Әлемнен мықты әншілер келіп отыр. Оның бәрі елдің мерейі.

Бұдан бөлек, фестиваль аясында аламан бәйге өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған кіл жүйріктер кім мықтыны анықтады. Абай облысы Көкпекті ауданынан келген Толағай атты сәйгүлік мәре сызығынан бірінші өтіп, автокөлік ұтты.

Әбілмансұр Манап, шабандоз:

Аттың басын тартып отырып, соңғы кругта бәрін ұтып отырдым.

Шет елден келген туристердің санында шек жоқ. Олар Катонқарағайдың көркем табиғатына тамсанып, түркі халықтарының бай мәдениетімен танысуға ерекше қызығушылық танытты.

Надим Мұхаммад, турист (Пәкістан):

Мен бұл жерге алғаш рет келіп тұрмын. Табиғаты өте әдемі екен. Таулары мен орманы ерекше әсер қалдырды. Мұндағы адамдардың қонақжайлығы мен ұлттық дәстүрлері қатты ұнады. Осындай фестиваль арқылы қазақ және түркі халықтарының мәдениетін жақынырақ танып жатырмыз. Болашақта бұл жерге тағы да келгім келеді.

Берел қорымындағы патшалар жазығында осы өлкенің тумасы ақын Ақтан Нұрбаевқа арналған поэзия көші өтті. Ақындар лаулаған ошақтың қасында жыр оқыды. 

Облыс әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған әдеби кешке ақын Ақтан Нұрбаевтың әулеті демеуші болды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев руханият ұлттың тірегі деп, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Елдің еңсесін биіктететін оның рухы. Ал ұлттың өзегі әдебиет пен өнер.

Шараның шарықтау шегі концерттік бағдарлама болды. Алтай төріне жиналған 50 мыңнан астам көрермен бес сағат бойы концерттік бағдарламаны тапжылмай тамашалады. Сахнада Қарақалпақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Венгрия бастаған тоғыз елден келген өнерпаздар өнер көрсетіп, түркі халықтарының ән-күйі мен мәдениетін паш етті. Ал кештің басты қонағы - әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген болды. Оның өнерін тамашалау үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, әлемнің әр қиырынан келген көрермендер Алтай төріне жиналды. Мыңдаған тыңдарман сүйікті әншісін зор ықыласпен қарсы алып, әрбір туындысын бірге шырқап отырды. Әлемдік деңгейдегі орындаушының өнер көрсетуі фестивальдің сәнін келтіріп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.

Осылайша, халықаралық фестиваль Төр Алтайдың рухани құндылығын дәріптеп, түркі дүниесінің мәдени байланысын одан әрі нығайтқан айтулы шара болды.

Бекарыс Секен