Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының хайуанаттар бағының ашылғанына биыл 26 жыл толып отыр. Сол жағалау кешеніндегі хайуанаттар бағында 250-ден астам жануар мен құс мекендейді. Зообақта жуырда сарлықтың төлі дүниеге келді.  

Хайуанаттар бағына бір еркек және бір ұрғашы сарлық 2009 жылы әкелінген. Содан бері олардың қатары көбейді. Бүгінде хайуанаттар бағында бес ересек сарлық пен жаңа туған бір төл бар. Мамандар олардың денсаулығын тұрақты бақылауда ұстап, әрқайсысына қажетті күтім жасайды. Ал, жаңа туған ақ маңдайлы төл мамандардың ерекше бақылауында. 

Гүлшат Төлеубекова, зоотехник:

Бұлар әлеуметтік жануар болғандықтар, олар топтасып өмір сүреді. Сол себептен, бұларды бір вольерда ұстаймыз. Осы сарлықтың төлі дүниеге келген кезде біздің бірден назарымыз басқа сарлықтар төлді қалай қабылдайтынын бақыладық. Ешқандай да агрессия болмады. Керсінше, барлық сарлықтар төлді өте жылы қабылдады. Сонымен қатар, төлдеген аналықтың бірінші төлі болғандықтан, оған да ерекше көңіл бөлдік. Ол бірден уызына тартып, емізіп, аналық инстинкті жақсы дамығандықтан жақсы қабылдады. Сол себептен оны ортақ бірге қалдырдық төлімен бірге. 

Сарлық– биік таулы өңірлерде мекендейтін, суық климатқа жақсы бейімделген ірі қара тұқымдасына жататын жануар. Қазақстанда бұл жануар сирек. Жаңа туған сарлықтың төлі келушілердің де қызығушылығын оятуда. Астанадан шығысқа арнайы келген қонақтар да қодастың төлін көріп, алған әсерлерімен бөлісті.

Динара Бердібасыл, саяхатшы: 

Отбасымызбен демалып жүрміз. Бүгін көзімізге түскені – як төлдеген екен. Соның баласын көрдік. Соны қызықтап қарап жүрміз. Этносаябақ бізге өте ұнады. Астанадан келіп, қызықтап қарап жүрміз. Өте әдемі, таза қала, жасыл қала екен. 

Зообақ келушілерге сирек кездесетін жануарларды таныстырып қана қоймай, оларды қорғау мен көбейту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Фатима Тілейханқызы