Өңірде жыл басынан бері бәсекелестікті қорғау және дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде аймақта 11 тауар нарығына талдау жүргізілген. Оның ішінде отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және агроөнеркәсіп салалары бар. Сараптама нәтижесінде бірқатар аудандарда бәсекелестік деңгейінің төмендігі анықталып, бизнеске кедергі келтіретін мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленген. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті хабарлады.
Бұдан бөлек, облыста бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері бойынша 6 дерек анықталды. Олар денсаулық сақтау, сұйытылған мұнай газын бөлу, лифтілерге техникалық қызмет көрсету, қанттың көтерме саудасы және электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйелері салаларына қатысты.
Аслан Әліппаев, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы:
Барлық хабарлама келесі бұзушылық бойынша шығарылды. Олар: үстем немесе монополиялық жағдайларды теріс шығару. Яғни, әртүрлі бағаларды қолдану. Бір хабарлама қазір орындалу сатысында.
Сонымен қатар, департамент квазимемлекеттік сектордың 28 субъектісіне мониторинг жүргізді. Оның ішінде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Өскемен әуежайы, ветеринария, білім және мәдениет ұйымдары бар. Мониторингтің мақсаты – мемлекет қатысатын ұйымдардың жеке бизнестің дамуына кедергі келтірмеуін бақылау.
Аслан Әліппаев, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы:
Департаментке егерде тиісті органдардан хат түссе немесе азаматтар, жауапты тұлғалардан өтініштер түсетін болса департаментпен тиісті жұмыс жүргізіліп, керек болған жағдайда нарыққа талдау жүргізіледі. Талдау нәтижелері бойынша қандай да бір заң бұзушылық бар болса тиісті шаралар қолданылады.
Бұдан бөлек, тауар нарығына кірудегі кедергілерді жою жөніндегі кеңесте бес мәселе қаралды. Оның бірі жергілікті деңгейде шешілсе, екі мәселе бойынша жұмыс жалғасуда. Департамент мамандары бұл шаралардың барлығы өңірде ашық әрі әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Фатима Тілейханқызы