Самар ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында баспана салу жұмыстары қарқынды. Биыл мұнда 76 пәтерді қамтитын 38 үйдің іргесі қаланады. Аталған жоба баспана кезегінде тұрған азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазір барлық нысанда құрылыс кестеге сай жүргізіліп, жұмыс сапасы тұрақты бақылауда.
Қазіргі таңда құрылыстың ең ауқымды бөлігі Самар ауылында қолға алынған. Мұнда 64 пәтерлі 32 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Ал қалған баспаналар Аққала, Құлынжон және Миролюбовка елді-мекендерінде салынуда.
Думан Советбеков, Самар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
Самар ауданы бойынша 480 адамдай кезекте тұр. Бағдарлама арқасында жетпіс алды отбасыға үй беріледі депт жоспарлап отырмыз. Бұл жерде күнделікті қарау бар. Депутаттар келіп, аудан әкімі қарап тексеріп жүреді.Сапасын қарап тексеріп отырамыз.
Өткен жылы осы бағдарлама аясында ауданда 24 пәтерлі 14 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Қазір олар инженерлік желілерге толықтай қосылған.Алдағы уақытта баспаналар жоба талаптарына сәйкес қатысушылар арасында бөлінетін болады.
Сондай-ақ, Миролюбовка ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Заманауи нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті қолжетімді әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда қажетті құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етілген.
Зоя Демехина, мейірбике:
Тұрғындар өте риза. Бізге ауыл халқымен қатар туристер де жиі келеді. Өйткені бұл туристік аймақ. Ересектер де, балалар да түрлі жарақатпен, күн өту секілді жағдайлармен жүгінеді. Алғашқы медициналық көмекті сапалы көрсетуге барлық мүмкіндік бар. Ғимарат жаңа, медициналық жабдықтардың барлығы заманауи.
Ақ халаттылардың айтуынша, емдеу мекемесіне ауыл тұрғындарымен қатар туристер де жиі жүгінеді. Әсіресе жаз мезгілінде күн өту, түрлі жарақаттар бойынша көмек сұрайтындар көбейеді.
Валентина Прищепина, ауыл тұрғыны:
Өткен жылы ауылымыздың жолы толық жөнделді. Бізге жаңа, заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Әкімдік пен мәдениет үйінің де жаңа ғимараттары бар. Сонымен қатар орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Бұрын әркім құдық немесе ұңғыманың суын пайдаланатын. Қазір үйлердің басым бөлігі орталық су желісіне қосылған. Ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Әсіресе жазда демалушылар мен жолай өтетін адамдар өте көп.
Самар ауданында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Жаңа баспаналар мен әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, ауылдардың дамуына серпін бермек.
Бекарыс Секен