Өскеменде Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметовті еске алуға арналған бильярд турнирі өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған тартысты додаға еліміздің бірнеше өңірінен келген спорт ардагерлері қатысып, командалық және жеке есепте өзара мықтыны анықтады.
Турнирге Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорған, Семей қалалары мен Шығыс Қазақстан облысынан келген тоғыз команда қатысты.
Айтан Сағиев, «AFALAR» командасының мүшесі:
Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Жалпы қатысушылар саны 80-ге жуық. Қонақтарды қабылдаған бильярд клубтары ерекше қонақжайлық танытты. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз! Еліміздің түкпір-түкпірінен келген бильярд шеберлері Өскемен қаласында бас қосты.
Жарыс қорытындысы бойынша «Қайрат» командасы чемпион атанса, «Асау Ертіс» екінші орынды иеленді. Ал «Бәйтерек» пен «Тұран» командасы үздік үштікті түйіндеді.
Марат Тоқтарбеков, «Қайрат» командасының капитаны (Алматы қ.):
Алматының «Қайрат» командасы бірінші орын алып, барлық камандаларға жақсылық, сондай бірінші орындарды ала берсін. Бізде «Әлем қырандары» деген ассоциация бар. Сонда былтыр 10 жыл болған. Сол 10 жылдың ішінде біздің «Қайрат» командасы 16 рет чемпион болдық.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің мақсаты – спорт ардагерлерінің басын қосып, салауатты өмір салтын насихаттап, Бағдат Шаяхметовтің өнегелі жолын кейінгі буынға дәріптеу. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды.
Нұрлан Айтымбетов, «Тұран» командасының капитаны (Шымкент қ.):
Бағдат Шаяхметовтің турниріне бильярдтан алдыңғы жылдары да келгенбіз. Онда жеке сайыс, адам аз болған. Биыл өте үлкен турнир болды. 9 команда қатысты. Әр командада 7 мүшеден бар. Бильярд осы Өскеменде жақсы дамыған, Алматыда және Астанада. Осы негізгі аймақтар. Жастар командалары да бар кәсіпқой. Біздер әуесқойлармыз.
Ал жекелей сында Артық Санақұлов чемпион атанса, Марат Нисупов күміс жүлдені иеленді. Үшінші орын Бахтияр Курбанов пен Виссарион Кимге бұйырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын турнир биыл да спорт сүйер қауымды бір алаңға тоғыстырды. Қатысушылар келесі жылғы жарыста қайта кездесуге ниетті екендерін жеткізді.