Өскеменде Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметовтің 80 жылдығына арналған бильярдтан турнир басталды. Дәстүрлі додаға еліміздің бірнеше өңірінен келген спорт ардагерлері қатысуда. Үш күнге созылатын жарыста тоғыз команда жеңіс үшін бақ сынайды.
Турнирге Алматы, Астана, Семей, Талдықорған, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан облысының командалары қатысуда. Салтанатты ашылу рәсімінде Бағдат Шаяхметовтің спортты дамытуға қосқан еңбегі ерекше аталып өтті.
Рысбек Қасенов, ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
Осы тұрғыда біз биыл үшінші рет өткізіп отырған турнирдің маңызы зор. Алғаш рет бұл турнирді 2018 жылы ұйымдастырдық. Биыл, 19 шілде – Металлургтер күні қарсаңында және Бағдат Мұхамедұлының 80 жылдық мерейтойына орай осы турнирді өткізіп отырмыз. Турнирге Алматы, Астана, Шымкент, Талдықорған, Семей қалаларынан және басқа да өңірлерден спортшылар келді.
Сондай-ақ Бағдат Мұхамедұлының үзеңгілестері мен қоғам қайраткерлері естеліктерімен бөлісіп, мерейтой иесінің еңбек жолы мен спортқа көрсеткен қолдауын ерекше атап өтті.
Бақытжан Дәмитов, профессор, Қазақстан-Герман университетінің негізін қалаушы (Алматы қ.):
Ол кісі біздің сондай жақсы бұрыннан келе жатқан жолдастарымыздың бірі. Ол кісімен бірге болғанымызға 30 жылдай болып қалды. Бекең деген өздеріңіз жақсы білесіздер, өзінің еңбегі бар. Мына комбинатты, Өскеменнің өзін көтерген кісілердің бірі деп шын жүректен айтуға болады.
Тоқтамыс Жұмағұлов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент басшысы:
Бағдат ағамыздың жалпы адами қасиетін айтатын болсақ, өте мейірімді. Адамгершілігі жоғары, сондай азамат болды. Ол кісі ҚР-ның Еңбек ері марапатымен марапатталған болған. Бұл деген мемлкеттің осы кісіге сіңірген еңбегін бағалау деген сөз.
Жиналған қауым Қазақстанның патриоттық шығармаларының бірі - «Атамекен» әнін бірге орындады.
Жарыс 19 шілдеге дейін жалғасады. Жеңімпаздар командалық және жеке есепте анықталып, арнайы кубоктар мен дипломдармен марапатталады. Спорт ардагерлерін бір арнаға тоғыстырған бұл дода – бәсекеден бұрын, буындар сабақтастығын жалғайтын тағылымды кездесу ретінде есте қалмақ.
Аяулым Усинова