Облыста тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жартыжылдық жұмыс қорытындыланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сала мамандары тұрғындардан түскен өтініштердің сипаты, олардың қаралу нәтижелері және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Мамандардың айтуынша, өңірде тұтынушылардың өз құқықтарын қорғауға деген белсенділігі артып келеді. Биыл алғашқы алты айда департаментке 889 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға көп. Былтыр осы уақытта 596 өтініш қаралған. Салаға жауаптылардың сөзіне сенсек, өңір тұрғындары көбіне сапасыз тауар немесе талапқа сай орындалмаған қызмет, сондай-ақ сатып алынған өнімді қайтару мәселелері бойынша жүгінеді. Әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес қаралып, тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге басымдық берілуде.
Асхат Сағидолдин, ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:
2026 жылдың бірінші жартыжылдығын 32 отырысы өткізілді. Өңірлік комиссияның шешімдері негізінде өңіріміздің 78 кәсіпкеріне қатысты тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп, олардың кінәсі анықталып, оларға 1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Өңірлік комиссия шеңберінде электрондық шот фактураларды талдау барысында бағаны жасанды көтеру схемалары анықталып отырады.
Өтініштер санының жыл сайын артуы тұрғындардың тұтынушылық сауаттылығының жоғарылағанын және өз құқықтарын қорғауға деген қызығушылығының күшейгенін көрсетеді. Бұған қоса, департамент жүргізіп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да оң нәтиже беріп отыр. Өтініштер санының көбеюімен қатар, тұтынушылардың талап-арыздарын қанағаттандыру көрсеткіші де артқан. Мәселен, 2024 жылы азаматтарға 37 миллион теңге қайтарылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 49 миллион теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында тұтынушыларға 29 миллион теңге көлемінде қаржы қайтарылған.
Асхат Сағидолдин, ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:
Тұрғындардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған 86 нұсқама берілді. 2025 жылы департамент азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында 12 сот процесіне қатысты. Осы жылы 6 айдың қорытындысы бойынша 9 сот отырысына қатысып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сот процестерінде болдық.
Мамандардың айтуынша, сатып алу кезінде түбіртек пен келісімшартты сақтау маңызды. Себебі бұл құжаттар тұтынушылардың құқығы бұзылған жағдайда өз мүддесін қорғауға үлкен мүмкіндік.
Аяулым Усинова