Риддерде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Бұл жолы тазалық жұмыстары Журавлиха өзенінің жағалауында ұйымдастырылып, табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын жүздеген тұрғынның басын қосты.
Журавлиха өзенінің жағасына жиналған 200-ден астам тұрғын жағалауды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Қураған бұтақтарды жинап, аумақты ретке келтірді. Экологиялық акцияға мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, жастар және қала тұрғындары қатысты. Олардың қатарында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бар.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
Журавлиха деген жеріміз міне. Бұл жерде бірнеше публикация шыққан қоқыстар жатыр деп. Енді мұнда адамдар келіп демалады. Бәріміз бірігіп, туған жерімізді тазалайық деп шықтық. Өзіміздің тұрғындарға айтатыным – өздеріңіз жүрген жерде қоқыстарды тастамай, арттарын жинап жүрсе мұндай болмас еді. Дегенмен, кісілерге көрсетейік дегеніміз ғой. Осылай көрсетсек, ары қарай тазалап жүреді дегенге қатты сенімдеміз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктердің мақсаты – тек айналаны тазалау емес. Ең маңыздысы – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеу.
Ғани Алпысшалов, «Пихта орман шаруашылығы» директорының орынбасары:
Өзіміздің табиғат таза болып тұрса, өзімізге жақсы ғой. Сондықтан, халыққа айтамыз өзеннің жағасын ластап керек жоқ. Мұнда балалар, барлығы жүреді. Сондықтан, табиғаттың таза болғаны бәріне жақсы.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай игі бастамалар Риддер қаласында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тұрғындардың айтуынша, туған өлкенің тазалығы әр азаматтың күнделікті жауапкершілігіне айналуы тиіс.
Руслан Сергеев, ерікті:
Осындай акцияға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Қала әкімдігі мұндай игі шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. «Жасыл ел» жасағында үшінші жыл еңбек етіп жүрмін. Волонтерлік қызмет маған өте ұнайды. Біз қарттарға көмектесеміз, қаланы тазалаймыз, тал егіп, туған жеріміздің көркеюіне өз үлесімізді қосамыз.
Журавлиха өзенінің жағасында өткен сенбілік нәтижесінде аумақ қоқыстан тазартылып, табиғат аясы ретке келтірілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да экологиялық акцияларды жалғастырып, тұрғындарды белсенді қатысуға шақырады.
Фатима Тілейханқызы