Шілде айының үшінші жексенбісі – Металлургтер күні. Бұл – ел өнеркәсібінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарына көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі. Металлургтердің кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегінің арқасында өндіріс қарқын алып, экономиканың маңызды салалары тұрақты дамып келеді. Кәсіби мереке қарсаңында сала мамандарына алғыс айтылып, ізгі тілектер жолдануда.

Шығыс Қазақстан – еліміздегі металлургияның ірі орталықтарының бірі. Өңірдегі өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген мыңдаған металлург кен өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі маңызды үдерістерді қамтамасыз етеді. Олардың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосылып келеді. Сондықтан бұл күн – өндіріс майталмандарына деген құрметтің айқын көрінісі.

Елена Березинская-Абилова, ШҚО бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрағасы:

Құрметті жерлестер! Қаламыздың әрбір үшінші тұрғыны – металлург. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Сіздер – өңір экономикасы мен өнеркәсіптік қуатының берік тірегісіздер. Бүкіл Шығыс Қазақстанның дамуы сіздердің қажырлы еңбектеріңізге сүйенеді.