Облыс әкімдігінде «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-мен меморандумға қол қойылды. Құжатта компанияның Сарыбұлақ кен орнын игеру аясындағы инвестициялық міндеттемелерін жүзеге асыру көзделген. Толығарақ тілші сюжетінде.

Меморандум аясында Зайсан ауданында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлінеді. Қарабұлақ ауылында тұрғындардың сұранысына сай дәріхана салынып, су электр станциясының құрылысы қаржыландырылады. Бұдан бөлек, туризм мен экономиканы дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіледі. Бұл жобалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етпек.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мекемелерге қолайлы жағдай жасайтын жақсы-жақсы туристік нысандар салуды ойластырып қарасаңыздар, біз өз жағымыздан Катонқарағай, Марқакөл, Зайсан аудандарында жер қарастыруға дайынбыз.Өз жағымыздан тиісті инфрақұрылымды жеткізіп беру, басқа да мәселелерді бірлесіп шешейік.

Облыс әкімі өңірдің табиғи әлеуеті туризмді дамытуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, әлемде табиғаты біздің өңірден кем түспейтін аумақтарда заманауи туристік нысандар салу арқылы табысты индустрия қалыптасқан. Сондықтан бизнес өкілдерінің туризм инфрақұрылымына инвестиция салуы өңір экономикасының дамуына серпін береді.

Шыңғыс Құлжанов, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:

Марқакөл ауданына туристер жан-жақтан келеді. Біздің компания қаражатына қонақүй салынса біздің үлкен үлесіміз болады.

Аймақта инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Мұндай жобалар инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Бекарыс Секен