Облыс орталығында металлургтер күні кең көлемде аталып өтті. Бұл мерекенің орыны ерекше. Себебі, металлургия саласы ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Ауқымды мерекелік шараны «Казцинк» ЖШС ұйымдастырды. «Восток» стадионында өткен салтанатты жиынға мыңдаған халық жиналды.
Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлаған «Казцинк» компаниясы мазмұнды ойын-сауық бағдарламасын ұсынды. Стадион аумағында балалар мен ересектерге арналған интерактивті алаңдар мен түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, алаңда жүрген андроид-робот көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ол келушілермен суретке түсіп, түрлі сұрақтарға жауап берді. Шығыс Қазақстан үшін Металлургтер күні – жай ғана мереке емес. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін қалыптастырып, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына көрсетілген құрмет.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Металлургия – біздің өңірдің негізгі саласы. Тарихқа көз жүгіртсек, аймақтың дамуы дәл осы металлургиямен тығыз байланысты. Алдағы уақытта да бұл сала өңір экономикасының басты тіректерінің бірі болып қала беретініне сенімдімін. Әр шаңыраққа бақыт, бақ-береке, тұрақтылық пен қуаныш тілеймін.
Металлургтерді кәсіби мерекесімен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады. Ол металлургияның ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, бұл саланың ондаған жыл бойы аймақтың индустриялық дамуының негізі болып келе жатқанын айтты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Металлургия – бұл жоғары кәсібилікті, жауапкершілік пен төзімдікті талап ететін абыройлы сала. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің арқасында өндіріс қарқын алып, ел экономикасының қалануына берік негіз қалануда. Шығыс Қазақстан облысы үшін металлургия – стратегиялық салалардың бірі де бірегейі.
Дәстүр бойынша жыл сайын Металлургтер күні «Ізгі жүрек» сыйлығы табысталады. Бұл марапат ерлік көрсеткен азаматтарға беріледі. Биылғы лауреаттардың бірі – Соловьев орта мектебінің мұғалімі Рулан Сеитов. Ол жалын шарпыған үйден балаларды аман алып шыққан.
Рулан Сеитов, Соловьев орта мектебінің мұғалімі:
Ол кезде қыс мезгілі. Сақылдаған сары аяз болатын. Таңертең далада жүргенімде көрші үйдің шатырынан түтін шығып жатқанын байқап, балалардың айқайлаған дауысын естідім. Бірден жүгіріп бардым. Балалар терезеде тұр екен. Есіктен кірмек болғанымда, іште өрт лапылдап, қою түтін басып кеткенін көрдім. Үйді айналып өтіп, терезені сындырдым да, балаларды сыртқа алып шықтым.
Салтанатты жиында Өскемендегі «Казцинк» кәсіпорнында биыл мамыр айында болған төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысқан құтқарушылар, дәрігерлер мен апаттық қызмет мамандары да марапатталды.
Евгений Егоров, ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары:
Жұмысқа бара жатқан кезімде жарылыс болғанын естідім. Бірден төтенше жағдай орын алғанын сездік. Жұмысқа келген бойда комбинаттағы апат туралы дабыл түсті. Дереу жасақ жиналып, оқиға орнына аттандық. Басты міндетіміз – адамдардың өмірін сақтап, жағдайды бағалау болды. Алғашқы кезекте өрт сөндірушілер өртті сөндірді. Кейін үйінділерді тексеру үшін кинологиялық топтар жұмылдырылды.
Мерекелік кеш үлкен гала-концертпен қорытындыланды. Сахнада Мирас Жүгінісов, «Мадагаскар» және «Банд’Эрос» топтары өнер көрсетті. Мыңдаған көрермен сүйікті әндерін қосыла шырқады.
Фатима Тілейханқызы