Ши тоқу – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнердің бірегей түрі. Алайда бүгінде бұл көне өнердің орнына фабрикалық өнімдер басып, шиден тоқылған бұйымдар сирек кездеседі. Сондықтан бұл мұраны жаңғырту – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Осы өнерді сақтап, заман талабына сай дамытып жүрген шеберлердің бірі – Күләш Акашова.

Күләш Акашова ұлттық қолөнермен бала кезінен айналысады. Алғашқы ұстазы – анасы. Бүгінде шебер ши тоқумен қатар алаша, сырмақ пен гобелен жасап, қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеп келеді. Оның айтуынша, ши тоқу – төзім мен ұқыптылықты талап ететін ерекше өнер.

Күләш Акашова, қолөнер шебері:

Біздің қазағымыздың көне уақыттан келе жатқан, мен ойлаймын енді, ең бірінші орында деп, ши тоқу деген бір жағынан ауыр да, бір жағынан өзі қызықты. Бала кезімізде мамамнан үйрендім, апамнан үйрендім десем, кейіннен оқығанда өзіміздің мұғалімдеріміз болды. Солар үйретті. Оюдың мағынасын, мына алаша, сырмақ дегендей сондай нәрселерді. Қолөнер болғаннан кейін неше түрлі нәрселер жасап тұрдық. Содан бері, ол енді жетпісінші жылдың аяғынан бері. Мен Өскеменге 76-77 жылдар келдім. 

Шиден бұйым жасау оңай емес. Алдымен шеберлер шиді күзде жинап, кептіріп, өңдеп, тоқуға дайындайды. Осылайша табиғи материалдан ұлттық нақыштағы бұйымдар жасалады. Әр кезеңі үлкен еңбекті талап ететін бұл жұмыстың өзіндік тәртібі мен тәсілі бар. Шебердің айтуынша, бәрі шиді дұрыс дайындаудан басталады.

Күләш Акашова, қолөнер шебері:

Шиді, әрине, жасауы өте қиын. Қайдан әкелетініміз енді ол су бар жерден алынады ғой. Енді мен оны Зайсан жақтан орып аламыз күзде. Оны әкеп, содан кейін кептіріп, ашып, дайындаймыз. Қысқа таман жұмыс істей бастаймыз. 

Ши тоқу – Күләш Акашованың айналысатын өнерінің бір ғана бағыты. Ол гобелен тоқып, алаша мен сырмақ жасап, ұлттық киімдерді де әзірлейді. Сонымен қатар жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, заманауи технологияны дәстүрлі қолөнермен ұштастыруға мән береді.

Игорь Серов, дизайнер:

Музейде Күләш Акашованың жетекшілігімен кесте тігумен айналысамын. Ол маған дайын эскиздерді компьютерлік кестелеу машинасына бейімдеп, цифрлық форматқа түсіруді тапсырады. Өзіме осында жұмыс істеген ұнайды. 

Ұлттық қолөнер – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ши тоқу секілді көне өнерді сақтап, оны бүгінгі заманға бейімдеу – ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы. Осындай шеберлердің еңбегі арқылы атадан қалған асыл мұраның өміршеңдігі сақталып келеді.

Кәусар Идаятқызы