Зайсан ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы әрі аудармашы Кәдірбек Сегізбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қаламгердің әріптестері мен жерлестері қатысты. Кеш барысында жазушының мол мұрасы дәріптеліп, шығармашылығын насихаттау мақсатында арнайы әдеби байқау ұйымдастырылды.

Салтанатты кештің ашылуында мерейтой иесіне аудан әкімінің құттықтауы оқылды. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Ермек Ерланұлы, аудандық мәслихат төрағасы Еркебұлан Серікұлы және Зайсан қаласының әкімі Ринат Тауасаров құттықтау сөз сөйлеп, қаламгердің ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегіне жоғары баға берді. Кеш барысында Кәдірбек Сегізбайұлының иығына шапан жабылып, өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін «Зайсанға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.

Ермек Қорабаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

Бүгінгі іс-шарамыз Зайсан қаласының 155 жылдығына орай ағамыз Кәдірбек Сегізбайұлының шығармашылық кешін ұйымдастырып отырмыз. Осы кешке сондай-ақ әйгілі ақындар, Ұлықбек ағамыз Жанаділ ағамыз келіп қатысып отыр осындай кешке. Енді бүгінгі кеш жақсы өтіп отыр. Балалар шығармашылықтарын көрсетіп, Кәдірбек ағаға құрметімізді көрсетіп отырмыз. 

Жазушының қуанышына ортақтасу үшін елге белгілі ақын-жазушылар Ұлықбек Есдәулет пен Тоқтар Мәзімов арнайы келді. Сонымен қатар, оның туған жерінен келген қонақтар мен әдебиет өкілдері мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, шығармашылық жолы мен азаматтық болмысы туралы естеліктерімен бөлісті.

Ұлықбек Есдәулет, ақын:

Қазақтың классик жазушысы, көрнекті жазушысы, ҚР мелекеттік сыйлығының лауреаты, Кәдірбек Сегізбаевтың 85 жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Бүгін керемет бір әдеби кештің куәсі болдық. Кәдірбек оқулары деген үлкен әдеби конкурс өтті. Оның ұстаздар осы елдегі әдебиетші сосын журналист әпкелер қатысты. Сосын бұл Республикалық деңгейдегі конкурс екен. Соған өздерінің бағаларын беріп, жүлделерін табыс етті. 

Тағылымды басқосу ұлттық әдебиетті ұлықтап, ел руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды. Осылайша барша жиналған қауымға қаламгер өз алғысын білдіріп, барша Зайсандықтарды ауданның 155 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы:

Менің енді жазушы болды, құрметті азамат болды деп жерлестерімнің Зайсандықтардың шақырып жатқанына көптен көп ризамын. Оның үсітне бұл той Зайсанның 155 жылдығымен қатар өткізіп жатыр. Бүгін менің тойым болса ертең қаланың тойы болады. Менің айтарым барлық Зайсандықтарға бұл енді айтулы аудан орталықтарының біреуі. Сондықтан бүкіл зайсандықтарды құттықтағым келеді. 

Кеш соңында әдеби байқаудың жеңімпаздары мен белсенді қатысушылары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.