Зайсан қаласының 155 жылдық мерейтойы аясында аудан орталығында сәні мен салтанаты жарасқан ауқымды гала-концерт өтті. Берекелі басқосу елдің еңсесін көтеріп, бірлігі мен ынтымағын айшықтаған тағылымды мерекеге айналды. Орталық алаңда ұйымдастырылған думанды кешке он мыңға жуық тұрғын мен қала қонақтары жиналды.
Мерекелік кештің көркін ұлттық нақышта тігілген ақшаңқан киіз үйлер айшықтап, қазақтың бай салт-дәстүрі мен дархан қонақжайлығын паш етті. Этноауыл аумағында ұлттық құндылықтар дәріптеліп мерекенің ажарын аша түсті.
Райхан Тергембаева, ҚР мәдениет саласының үздігі:
Зайсан киелі жер. Қойнауы қара алтынға толы тауында қарағайы қайсқан, етегінде бүлдіргені майысқан, баурайында бұғылары ойнаған киелі жер, Суы саф алтын, ауасы ем, келсең Зайсанға көңілің жайсаң болады. Бүкіл халыққа, бүкіл Зайсан ауданының тұрғындарына, бүгінгі мерейлі 155 жылдық той құтты болсын.
Салтанатты кештің шымылдығын жергілікті өнерпаздардың әсерлі әні мен мың бұралған биі ашты. Ауданның мәдениет саласының майталмандары мен жас таланттары туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлап, сахна сәнін келтірді. Күмбірлеген күй, әуелеген ән мен ұлттық нақыштағы қойылымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің мәнін арттыра түсті.
Ринат Тауасаров, Зайсан қаласының әкімі:
Бүгін қаламыздың 155 жылдығына арналған үлкен мереке. Бұл мерекеге бір ай көлемінде дайындық жұмыстары жүргізілді. Бұл мерекеге эстрада жұлдыздары ақын жазушыларымыз, жерлестеріміз келіп өз үлестерін қосып жатыр. Сонымен қатар спорттық жарыстар ақындар айтысы, бүгінгі күні өткізіліп, қазіргі таңда тамашалап жатырмыз.
Кештің шарықтау шегі эстрада жұлдыздарының өнер көрсетуі болды. Халық сүйіп тыңдайтын әншілердің орындауындағы танымал әндер көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекелік кештің шырайын кіргізді. Арнайы шақырылған әнші Нұрсұлтан Нұрбердиев те сахна төріне көтеріліп, көпшілікке әсем әндерін тарту етті. Көрермендер өнер иесін ыстық ықыласпен қарсы алып, сүйікті әндерін бірге шырқап, ерекше әсерге бөленді. Ол барша Зайсандықтарды айтулы думанмен құттықтап, сәлемін жолдады.
Нұрсұлтан Нұрбердиев, әнші:
Құрметті Зайсан жұртшылығы, сіздерді келіп жеткен 155 мерейтомен шын жүректен құттықтаймын, аман болыңыздар, концерт өте күшті керемет. Мен өзім Зайсанда біріншіретпін маған өте қатты ұнады. Атмосфера өте күшті, мен сіздерді жақсы көрем зайсан, мен сіздерге ғашықпын.
Кеш соңындағы отшашу көпшілікке ерекше сыйлады. Зайсанның 155 жылдық тойы өткенге тағзым жасап, бүгінгі жетістікті дәріптеген, елдің бірлігі мен туған жерге деген сүйіспеншілігін айқын көрсеткен тағылымды әрі тарихи мереке ретінде көпшіліктің жадында қалды.