«Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында өңірде «Аулалардағы қабылдау» республикалық акциясы өтті. Шараның мақсаты – полиция мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты дамыту, халықты толғандырған мәселелерді жергілікті жерде талқылап, құқықтық көмек көрсету.
Акция аясында облыс бойынша барлығы 71 жиын ұйымдастырылды. Оның 23-і қалаларда, 48-і ауылдық елді мекендерде өтті. Ашық форматтағы кездесулерге учаскелік полиция инспекторлары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Дарина Қадырбаева, қала тұрғыны:
Жалпы қандай да бір мәселе немесе қауіпті жағдай болғанда біз не істеу керек екенін, кімге хабарласу керек екенін және өз-өзімізді қалай ұстау керек екенін айтты. Оларға көп алғыс білдіреміз.
Аталған акция тұрғындардың заң аясында қажетті ақпараттар алуына мүмкіндік берді. Ашық қабылдау форматы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Алена Иванова, қала тұрғыны:
Бүгін бізге құқық қорғау органы өкілдері келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Біз өз сауалдарымызға тиісті жауап алдық. Полиция қызметкерлерінің тұрғындармен ашық диалог құрып, мәселеміздің шешілуіне көмектесуі бізді қатты қуантады. Өйткені бұрын мұндай шаралар ауқымды түрде ұйымдастырылмаған еді. Сондықтан өз тарапымыздан үлкен алғыс білдіреміз.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, «Аулалардағы қабылдау» акциясы халықпен кері байланысты күшейтіп, құқық қорғау органдары жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған. Мұндай кездесулер тұрғындардың мәселесін жедел шешуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға үлкен көмек.
Батырбек Қадыров, ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
Аталған іс-шараларға 1 800-ден астам жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында тұрғындардан 128 өтініш пен ұсыныс келіп түсті. Негізінен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігі және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Әрбір өтініш Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қаралып, азаматтарға құқықтық түсіндірме мен қажетті кеңестер берілді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай ашық қабылдаулар жиі жүргізіліп тұрады. Ал тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары алдағы уақытта да заң аясында қаралып, тиісті жұмыстар жалғасады.
Бекарыс Энгельс