Өскеменде халықаралық «Oskemen Open 2026» шахмат фестивалінің шымылдығы түрілді. Байрақты бәсеке аясында ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан кубогының 2026 жылғы екінші кезеңі өтуде. Дүбірлі додаға әлемнің 16 елінен 200-ге жуық қатысушы келді.
Турнирдің салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов келді. Аймақ басшысы қатысушыларға сәттілік тілеп, тартысты әрі әділ ойын өрбуіне тілектестік білдірді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл турнир Өскеменде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтырғы жарысқа әлемнің 20 елінен 75 шахматшы қатысқан болатын. Оның ішінде 20 халықаралық гроссмейстер мен 20 халықаралық шебер бақ сынады. Ал биылғы «Oskemen Open 2026» турнирі бұдан да ауқымды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам мықты шахматшының басын қосқан бұл дода халықаралық деңгейдегі ең ірі жарыстардың біріне айналып отыр.
Биылғы фестиваль екі санат бойынша өтеді. Masters турнирінде халықаралық көрсеткіші 2400 және одан жоғары шахматшылар бақ сынаса, Open санатында рейтингі 2400-ге дейінгі спортшылар өзара мықтыны анықтайды. Турнирге шығысқазақстандық Алдияр Ансат та қатысты. Жас шахматшы жуырда өткен Aktobe Open халықаралық турнирінде нәтижесін 2500 ұпайдан асырып, гроссмейстер атағын алу үшін қажетті барлық талапты орындады.
Алдияр Ансат, халықаралық гроссмейстер:
Гроссмейстерлік нормативті орындап, Қазақстандағы бесінші гроссмейстер атандым. Ендігі мақсатым – биыл қыркүйек айында өтетін Шахмат олимпиадасында сәтті өнер көрсету. Сонымен қатар нәтижемді одан әрі көтеріп, алдымен 2550, кейін 2600 ұпайлық межеден асуды көздеп отырмын.
Masters санатына 16 мемлекеттен 79 шахматшы тіркелген. Қатысушылардың рейтингтік тізімін 2026 жылғы 1 шілдедегі көрсеткіші 2600 ұпайдан асатын бес гроссмейстер бастап тұр. Солардың бірі – Испания атынан сынға түсетін, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері Максим Чигаев.
Максим Чигаев, гроссмейстер (Испания):
Соңғы жылдары шахмат ойыны қоғамдағы өз орнын қайта нығайтып келеді деп ойлаймын. Бір кездері бұл спортқа деген қызығушылық бәсеңдегендей көрінген еді. Бірақ кейінгі екі жылда шахматқа деген ынта қайта жанданды. Бұл, әрине, қуантады. Қазақстанда да атамлыш спорт қарқынды дамып жатқанын байқадым. Мұнда соңғы жылдары көптеген халықаралық турнир ұйымдастырылып келеді.
Турнирдің жүлде қоры қомақты. Masters санатында жеңімпаздар 45 миллион теңгені, ал Open турнирінің қатысушылары 5 миллион теңгені сарапқа салады. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрады.
Марат Есенов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті:
Призентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы өзі айтқандай біз интелектуалды ұлт қалыптастыру бағытындағы жұмысымызды алға жылжытуда Қазақстан Шахмат федерациясы өз үлесін қосып жатыр деп есептеймін. Біздің жетістіктеріміз аз емес. Шахматшыларымыз әлемде өз орындарын алып жатыр.
Ақшалай жүлделерден бөлек, алғашқы жиырма орынға ие болған спортшылар Кубоктың жалпы есебіне ұпай жинайды. Қазақстан кубогының үшінші кезеңі қазан айында Атырауда өтсе, финалдық бәсеке желтоқсан айында Астана қаласында ұйымдастырылады.
Гүлдана Айдарқызы