Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, халықты жұмыспен қамту және өңірдің туристік әлеуетін арттыру. Аталмыш мәселелер облыс әкімдігінің кезекті отырысында жан-жақты талқыланды. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жауапты басқармалар мен қала-аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма жүктеді.
Әкімдік отырысында алдымен өңірдегі инфляция деңгейін тежеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Бүгінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қаржылық қолдау тетіктері іске асырылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын толықтыру, логистиканы жетілдіру және жергілікті өндірушілерді қолдау жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде әлеуметтік азық-түлікті халыққа қолжетімді бағамен ұсынуда «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сауда желісі маңызды рөл атқарып келеді. Қазір облыс бойынша 46 сауда нүктесі жұмыс істейді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін жәрмеңкелер тұрақты ұйымдастырылуда.
Исатай Ансат, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Облыс тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Ертіс» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп әлеуметтік сауда павильондарының желісін дамытып келеміз. Басқарма мамандары апта сайын сауда нысандарында баға мониторингін жүргізіп, кәсіпкерлерге баға белгілеу саласындағы заңнама талаптарын түсіндіреді. Сауда үстемеақысының белгіленген шектен асып кету деректері делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның отырыстарында қаралады. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданады.
Жиында еңбек нарығындағы ахуал да сөз болды. Қазіргі таңда облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Биыл өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 17 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланған. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары да жалғасуда.
Альмира Мусинова, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту мен 440 адам жұмыссыз адамды қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда 215 адам немесе жоспардың 49% оқуға жіберіліп, 42 адам өз курстарын аяқтады. Халықты жұмыспен қамту шаралары жалғасуда, үнемі бақылауда.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірісін арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ баға мониторингін үздіксіз жүргізіп, әлеуметтік дүкендерді қажетті тауар қорымен тұрақты қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Ал жұмыспен қамту мәселесінде жоспарлы көрсеткіштерді толық орындап, әсіресе NEET санатындағы жастармен жұмысты күшейту міндетті екендігін жеткізді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Жастармен жұмысты күшейтіп, олардың әлеуметтік паспорттарын әрдайым жігерлендіріп отырыңыздар. Әр жұмыссызбен дербес жүргізу қажет. Әрбір жұмыссыздың артында жанұясы тұр, жақындары тұр. Тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлы көрсеткіштерін орындалуын сіздерден сұраймыз.
Отырыста туристік орындардың тазалығы да назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшысы демалыс орындары мен жағажайларда санитарлық талаптардың сақталуы өңірдің туристік имиджіне тікелей әсер ететінін айтты.Осыған байланысты «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы жұмыстарды жандандырып, жағажайларды қоқыс жәшіктерімен толық қамту, тазалықты тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Гүлдана Айдарқызы