Өскеменде «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» атты концерт өтті. Салтанатты кешке өңірдің зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Мазмұнды шара «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновтың өңірге жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды.

Әбілғазы Құсайынов шығысқазақстандықтарға көрсетілген ықылас пен құрмет үшін алғыс айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған қоғамдық жаңғыру міндеттерін жүзеге асыруда ардагерлерге үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, осы мақсатта ардагерлер ұйымы қызметінің жеті негізгі бағыты әзірленіп, бүгінде еліміздің барлық өңірінде кеңінен талқыланып жатыр. Жобаның мақсаты – жастар тәрбиесіне қоғам болып атсалысып, ұрпақ бойына үлкенге құрмет, білімге құштарлық және ұлттық құндылықтарды сіңіру.

Әбілғазы Құсайынов, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы:

Ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ, береке тілеймін. Бейбіт аспанымыздың астында еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Өздеріңіздей ел қазынасының мұң мұқтажына шама келгенше бірлесе шешуге жаратқан ием жар болсын. Сіздердің бай өмірлік жолдарыңызды пайдалана отырып, ел дамуына серпін беретін жаңа тәрбие жұмыстарына бірге үлес қосайық. Біздің ұйымның ең басты мақсаты – өз жарлығымызды мүлтіксіз орындау және аға буын құқығын қорғау. 

Тұжырымдамада тарихи жадыны сақтау, кітап оқу мәдениетін дамыту, отбасы институтын нығайту, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, жастарды адалдыққа, еңбекқорлыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеу, сондай-ақ зиянды әдеттер мен лудоманияның алдын алу бағыттарына басымдық берілген.

Вера Лазарева, журналистика саласының ардагері:

XIX–XX ғасырлар – әлемдік және ұлттық әдебиеттің алтын ғасыры. Мұхтар Әуезов, Абай, Курдаков, Читяков, Щербаков сынды қаламгерлердің шығармалары – баға жетпес рухани мұра. Әдебиет арқылы біз халықтың рухани мәдениетін ғана емес, тарихын, дүниетанымы мен болмысын да танимыз. Кітап – білім мен тәрбиенің бастауы, ең сенімді дереккөз. Сондықтан құрғақ оқулықтар мен гаджеттерге ғана сүйенбей, рухани байлығымызды арттыру үшін кітапты көбірек оқуымыз керек.

Мерекелік бағдарламада жергілікті өнерпаздар ән шырқап, шығармашылық ұжымдар би билеп, аға буынға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара соңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, ұйымдастырушылар мұндай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Кәусар Идаятқызы