«Жедел жәрдем, тыңдап тұрмын». Мыңдаған тұрғын үшін осы сөздер – көмекке деген алғашқы үміттің үні. Ал сол бір сабырлы дауыстың ар жағында үлкен жауапкершілік пен санаулы секундта қабылданатын шешім тұр. Мадина Құсманова - жиырма жылдан астам уақыт бойы шұғыл шақыртуларды қабылдап келе жатқан маман. Ол дәрігерлер бригадасы оқиға орнына жеткенге дейін қоңырау шалған жандарға бағыт-бағдар беріп, талай адамның өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосып келеді.
Мадина Құсманованың медицина саласындағы еңбек жолы 2004 жылы басталған. Содан бері ол медициналық көмекке мұқтаж жандардың қоңырауына ең алғаш болып жауап береді. Әрбір қоңыраудың ар жағында – адам тағдыры мен өмірі тұр.Дәрігерлер бригадасы оқиға орнына жеткенше диспетчер жағдайды бағалап, қоңырау шалушыны сабырға шақырып, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша қажетті кеңестер береді. Жиырма екі жылдық тәжірибесі бар маман өз мамандығын дұрыс таңдағанына сенімді.
Мадина Құсманова, ШҚО жедел жәрдем станциясының шақыртуларды қабылдау фельдшері:
Жедел жәрдем саласы – менің өмірлік таңдауым. Бұл мамандық – менің жүрек қалауым. Осы жұмысқа әбден үйреніп кеттім, өзімді басқа салада елестете алмаймын. Мен үшін ең бастысы – адамдарға көмектесу. Тіпті жұмыстан тыс уақытта да көмекке мұқтаж жанды көрсем, қол ұшын созуға тырысамын. Кейде біз психологтың да қызметін атқарамыз. Мысалы, баласына жедел жәрдем шақырған аналар қатты абыржып, «балам тыныс алмай жатыр» деп жылап хабарласады. Кейде тіпті мекенжайын да айта алмай қалады. Сондай сәтте санаулы секундтың ішінде ананы сабырға шақырып, баланың жағдайын анықтап үлгеруің керек. Соған қарай алғашқы көмек көрсету жөнінде кеңес береміз. Мәселен, бала құрысып қалса, оны қырымен жатқызуды, қауіпсіз қалпын сақтауды түсіндіреміз. Ал егер бір нәрсеге қақалып қалса, жедел жәрдем бригадасы жеткенге дейін алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін айтып, бағыт-бағдар береміз.
Жедел жәрдем диспетчерінің жұмысы тек медициналық білімді ғана емес, санаулы секундтың ішінде дұрыс шешім қабылдай білуді де талап етеді. Себебі шақыртудың қаншалықты жылдам әрі нақты қабылдануы көбіне адамның өміріне тікелей әсер етеді. Мереке және демалыс күндері түсетін қоңыраулар саны бірнеше есеге артады. Сондықтан әрбір минут пен әрбір қабылданған шешімнің маңызы ерекше.
Айжан Аманжанова, ШҚО жедел медициналық жәрдем станциясының бөлім меңгерушісі:
Біздің ұжымдағы ең тәжірибелі әрі аса бағалы қызметкерлердің бірі – Мадина Қанатқызы. Ол біздің мекемеде 22 жылдан бері еңбек етіп келеді. Тіпті еңбек өтілі менен де көп. Өте жауапты маман. Өзіне жүктелген әрбір тапсырманы бар күш-жігерімен, үлкен жауапкершілікпен орындайды. Біздің жұмыс тәулік бойы, жыл он екі ай тоқтаусыз жалғасады. Бір сәтке де дамылдамаймыз. Мереке күндері де, демалыста да, Жаңа жылда да жұмыс қарқыны бәсеңдемейді. Керісінше, Жаңа жыл мерекесінде күшейтілген режимде еңбек етеміз. Біз мерекеге демалуға емес, жұмыс істеуге дайындаламыз.
Әріптестері Мадина Құсманованы тәжірибелі әрі сенімді маман ретінде бағалайды. Ұжымда оны мейірімді, жанашыр, әрдайым қолдау көрсетуге, ақыл-кеңесін бөлісуге және кәсіби тәжірибесін үйретуге дайын әріптес ретінде ерекше құрметтейді.
Айым Ермекова, ШҚО жедел жәрдем станциясының шақыртуларды қабылдау фельдшері:
Мен жедел медициналық жәрдем станциясында бір жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келемін. Бұл жерге колледжді тәмамдаған соң жұмысқа орналастым. Шынын айту керек, бастапқы кезде жұмыстың қарқынына бейімделу оңай болған жоқ. Сол кезде маған ең көп қолдау көрсеткен Мадина Қанатқызы болды. Ол әрдайым бағыт-бағдар беріп, түрлі жағдайларда қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Соның арқасында біз маман ретінде тезірек қалыптастық. Ол – өте ақкөңіл, жүзінен күлкі кетпейтін, айналасындағыларға көмегін ешқашан аямайтын жан.
Мадина Құсманова мен оның әріптестері үшін әрбір қабылданған қоңырау – адам өміріне деген жауапкершілік. Олар жедел жәрдем бригадаларын дер кезінде бағыттап қана қоймай, қоңырау шалған жандарға алғашқы көмек көрсету тәртібін түсіндіріп, дәрігерлер жеткенге дейін қолдау көрсетеді. Кейде дәл сол телефон тұтқасының ар жағынан естілген байыпты дауыс адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.