Үкімет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Катонқарағай ауданында салынып жатқан жаңа әуежайдың құрылысымен танысты. Ол құрылыс жұмыстарының қарқынын бағалап, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берудің маңызын атап өтті. Жаңа әуежай өңірдің көлік қолжетімділігін арттырып, туризм мен экономиканың дамуына тың серпін бермек.

Бүгінде нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалуы 64 пайызға жеткен. Қазіргі таңда ұшу-қону жолағы, жолаушылар терминалы, перрон, инженерлік инфрақұрылым және өзге де негізгі нысандардың құрылысы қатар жүргізілуде.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жұмыс өте сапалы болу керек.Ақыры кешікті, бірақ өте сапалы болу керек.

Жобаның жалпы құны – 61,2 млрд. теңге. Әуежай іске қосылғаннан кейін сағатына 150 жолаушыға қызмет көрсетіп, өңірлік әуе кемелерін қабылдай алады. Бұл өз кезегінде Катонқарағай ауданының көлік қолжетімділігін арттырып, туризмнің дамуына, кәсіпкерліктің жандануына және өңір экономикасының өркендеуіне тың серпін береді.

Әсет Сұлтанов, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Бүгінгі күні Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев келіп, құрылыс барысын қадағалап қарап кетті және мердігерге биылғы жылы осы монтаждау жұмыстраны толық аяқтап, аэрапортты іске қосуға тапсырма берді. Қазіргі уақытта мердігер қарқынды жұмыс істеп жатыр. Енді жоспар бойынша биылғы жылдың аяғына дейін жұмыстар толық аяқталып, бұл аэропорт іске қосылатын болады. 

Осы бағытта, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде облыста бір мезгілде екі жаңа әуежайдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар шалғай аудандардың көлік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың қатынас мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.