Глубокое ауданына қарасты Опытное поле ауылында дала күніне орай «AGRO FEST» мерекесі өтті. Дәстүрлі шарада фермерлер мен ғалымдар егіншілік пен мал шаруашылығындағы жаңа технологияларды таныстырып, тәжірибе алмасты.

Дала күніне жиналған шаруалар мен сала мамандары ауыл шаруашылығындағы соңғы жаңалықтармен танысты. Көрмеде өңірдің климатына бейімделген жаңа дақыл сұрыптары, жоғары өнім беретін мал азықтық өсімдіктер мен заманауи агротехнологиялар таныстырылды.

Сәуле Сейілғазина, «ШҚАТТС» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

Біз Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының фермерлерін, аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы бөлімдерін шақырдық. Олар келесі жылы егістікке енгізуге болатын жаңа ауыл шаруашылығы дақылдарымен және оларды өсіру технологияларымен таныса алады. Сонымен қатар мұнда ғылыми-зерттеу институттары мен «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының» еншілес ұйымдары қатысып жатыр. Олар өсімдіктерді арамшөптер мен зиянкестерден қорғаудың жаңа тәсілдерін ұсынып, өздерінің зертханалық мүмкіндіктерін көрсетуде. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштар өндіретін жетекші компаниялар да өнімдерін таныстырып жатыр.

Ауыл шаруашылығының дамуы – цифрлық технологиялармен тікелей байланысты. Бүгінде диқандар дрон мен автопилот жүйелері арқылы егіс алқабын тиімді басқарып, өнімділікті еселеп отыр. Заманауи құрылғылар жұмысшылардың ауыр еңбегін жеңілдетіп, дәл әрі үнемді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қайрат Жайыров, «ШҚАШТС» ЖШС мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:

Негізі арадан алынантын өнім бал және тозаң. Басқада өнімдерді аламыз. Таза табиғи өнім. Осы бойынша өзіміздің проектіміз бар, таза өнім, табиғи өнім алу жөнінде. Қазір өнім алуды бастадық. Бұл жобаның негізгі мақсаты біз мына майлы дақылдарды арамен тозаңдандыру. Сол арқылы оның өнімділігін көбейту. Осы бойынша жұмыс істейміз. 

Шығыс Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені экономиканың негізгі бағыттарының бірі саналады. Сондықтан мұнда ұйымдастырылатын Дала күні дәстүрлі шараға айналып, жыл сайын көптеген компаниялар мен фермерлердің басын қосады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын тауып, агрофестиваль ауқымы кеңейе түседі.

Кәусар Идаятқызы