Өңірде әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар нысанның жай-күйі пысықталды. Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі жылу-энергетика нысандары мен инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Негізгі назар - алдағы жылыту маусымына дайындық пен жылу тапшылығын азайтуға бағытталған жұмыстарға аударылды.

Алдымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына облыстағы теміржол бекеті «Өскемен-1» вокзалын жөндеу жобасы таныстырылды. Бастама аясында вокзал ғимаратын жаңғыртумен қатар, оның іргелес аумағын абаттандыру көзделген. Жобаның жалпы аумағы – 4 гектар. Ал, абаттандыру жұмыстарының жалпы құны – 691,2 миллион теңге.

Берік Тойбаев, құрылыс нысанының басшысы:

Қазіргі таңда нысанның 84 пайызы аяқталды. Бүгінде ішкі әрлеу, абаттандыру және тоқ жүйелерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанды биыл тамыз айының соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. 

Жоспар бойынша мұнда жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру үшін жаңа демалыс орындары, көгалдандырылған және қоғамдық кеңістіктер, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар қарастырылған. Сонымен қатар, аумақта автотұрақ, балалар және спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы мен серуендеу орындары салынады. 

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Барлық мүмкіндік бар. Қаражат берілді. Мердігерді таңдаған сіздер. Бұл жерде 3 аусым жұмыс жасасын. Тездетіп тапсырсын осы тамыз айында. 

Бұдан соң, көлік инфрақұрылымына қатысты жобалар қаралды. Атап айтқанда, Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік айрығын салу жұмыстарының барысы таныстырылды. Жоба қаладағы көлік қозғалысын реттеп, жолдағы кептелісті азайтуға бағытталған.

Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:

Қазір 50 пайыз жұмыс аяқталған. Қаражат мәселесі бар екенін де айттық. Қазір мердігер қаражаты есебінен 10 млрд-қа жуық жұмыс артық істелген. Дегенмен, жұмыс тоқтаған жоқ. Жалғасатын болады. Қазан айының 25-не дейін бітіреміз деген үмітіміз бар. 

Нұрлыбек Нәлібаевтың кезекті жұмыс сапары – қаладағы №2 қазандық нысаны. Мұнда шаһарды алдағы жылыту маусымына дайындау мәселесі талқыланды. Өңір бойынша жылу энергетикасы нысандарын жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында облыста жылу электр орталықтары мен орталықтандырылған қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Сапар соңында «Нұрлы жол» шағын ауданындағы тұрғын үй құрылысының барысы да назарға алынды. Мұнда жаңа тұрғын үйлердің салыну қарқыны мен құрылыс жұмыстарының орындалу барысы көрсетілді. Жұмыс сапары барысында жауапты мемлекеттік органдарға өңірдегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын белгіленген мерзімде аяқтап, жылыту маусымына сапалы дайындықты қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Фатима Тілейханқызы