Шығысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңір әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге Риддер қаласына барды. Жұмыс барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды нысан таныстырылды. Негізгі назар – жылу энергетикасы кешенін жаңғыртуға және Риддердің туристік әлеуетін дамытуға бағытталған жобаларға аударылды.

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны – Риддер жылу электр орталығы. Мұнда делегация кәсіпорынның алдағы жылыту маусымына дайындығымен танысты. Риддер ЖЭО – қаланы жылу энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі нысан. Кәсіпорын 21 мыңнан астам тұтынушыға жылу және электр энергиясын жеткізеді. Қазір станцияда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жабдықтарды жаңғыртуға Үкімет резервінен 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстар жылумен қамту жүйесінің сапасын арттырып, алдағы күзгі-қысқы кезеңді сенімді өткізуге мүмкіндік береді.

Кирилл Голота, «Шығыс Жылу» АҚ Риддер филиалының директоры:

Кездесу барысында жөндеу жұмыстары және алдағы жылыту маусымдарына дайындық жоспарлары таныстырылды. Қазіргі таңда станцияның 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы 51 пайызды құрайды. Қазір №5 және №6 қазандық агрегаттары мен №1 турбогенераторға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар жоспарға сай, ешқандай ауытқу жоқ. Барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отырмыз. 

Сапар бағдарламасының келесі нысаны – туристік кешен. Мұнда делегацияға ішкі туризмді дамытуға және жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жобалар таныстырылды. Риддер табиғи ерекшеліктері мен тау туризміне қолайлы жағдайының арқасында Шығыс Қазақстандағы перспективалы туристік орталықтардың біріне айналып келеді. Сала өкілдерінің айтуынша, туризмді одан әрі дамыту жаңа жұмыс орындарын ашып, туристер ағынын арттыруға және өңір экономикасына қосымша серпін беруге жол ашады.

Андрей Михеенков, «BearLog» ЖШС басқарушы директоры:

Бізде толыққанды демалысқа арналған үлкен қонақүй кешені бар. Экстремалды демалыс түрлері де қарастырылған. Багги мен қарда жүретін көліктерді жалға беруге болады. Сонымен қатар, демалыс аймақтары, бассейн, SPA және мейрамхана кешені жұмыс істейді. Риддердің табиғаты ерекше. Мұнда тауға шығу, жаяу туризм, ал қыс мезгілінде қарда жүретін көліктермен серуендеу сияқты демалыс түрлерін дамытуға мүмкіндік мол. Риддердің тағы бір ерекшелігі – қар жамылғысының тұрақтылығы. Сондықтан, қысқы маусымда мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келіп, тау шаңғысы спортымен айналысады. 

Жұмыс сапары аясында делегация «Қазцинк» ЖШС-нің «Долинная» кенішінде де болды. Кәсіпорын басшылығы кеніштің жұмысы, қазіргі өндірістік көрсеткіштері және алдағы даму жоспарлары туралы баяндады. Бұдан бөлек, кен орындарын игеру, пайдалы қазбаларды өңдеу көлемін арттыру және тау-кен өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу перспективалары талқыланды.

Фатима Тілейханқызы