Омбы қаласында Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен XXII Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Шара сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру және мәдениет салаларында бұрыннан берік байланыс орнатқан өңірлердің өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан мен Ресей президенттерінің алдында өңіріміздің әлеуетін таныстырды. Өз сөзінде аймақ басшысы Шығыс Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарына, өнеркәсіптік, инвестициялық және туристік әлеуетіне тоқталып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалы бағыттарын атап өтті. Нұрымбет Сақтағанов өндірістік кооперацияны кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, көлік-логистика байланыстарын дамыту, туризм, білім беру және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өңірлердің өзара мүдделері тоғысқан тұста жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Бүгінде шекаралас аумақтар көлік дәліздерін дамыту, өндірістік кооперацияны нығайту және экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастырудың маңызды орталығына айналып келеді.Қазақстан Омбы облысының жетекші стратегиялық серіктестерінің бірі. Еліміз аталған өңірдің сыртқы сауда айналымының шамамен үштен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Ол өзара сенімге, ортақ мүддеге және тиімді кооперацияға негізделген тұрақты әрі нәтижелі әріптестіктің айқын көрінісі.