Үкімет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңеске қатысты. Жиында өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар инвестициялық жоба таныстырылды. Солардың бірі - «Pana Katon Karagay» жобасы. Оның аясында аумағы 70 шаршы шақырымды құрайтын заманауи туристік кент салу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Көшпелі кеңесте Нұрлыбек Нәлібаев нақты нәтиже беріп жатқан инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ мемлекеттен инфрақұрылымға қаржы сұрайтын инвесторлар өз тарапынан да ауқымды инвестиция салуы қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, әрбір жоба қағаз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асуы тиіс. Ал көшпелі кеңестің негізгі мақсаты да сол, өңірдегі туризмнің дамуына серпін беретін тиімді бастамаларды іріктеп, оларды мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен қамтамасыз ету.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Бүгінде мына сіздермен арнайы келіп кеңесті өткізіп жатырмыз. Сондағы мақсатымыз біздің, сіздерге біріншіден әрине көмектесу, туризмді дамыту, біз бұнымен кәзір айналысып жатырмыз. Мемлекет басшысы тапсырма берген, үкімет басшысының бақылауында. Сол себептен біз оны айтқаннан кейін орныдауымыз керек, орындайтын жобаларды біз әрдайым қолдауға дайынбыз. 

Айта кетейік, «Pana Asia» компаниясы, өңірдегі шағын авиацияны, су көлігі мен теміржол, автокөлік жолдарын біріктіретін мультимодальды көлік инфрақұрылым жобасын әзірлеуде. Жоспар Алтай - Катонқарағай - Марқакөл - Зайсан бағытын қамту.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жаңағы қарындасымыз айтып жатқан жобалар, теміржол, кемелер жолы, әрине кәсіпкерлер салса жақсы. Ол ертең мемлекет тарапынан қолдау алған әуежай сияқты, сондықтан барлықтарыңыздың бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. 

2028 жылға дейін іске асырылатын жобаға салынатын инвестиция көлемі 25 млрд. теңгені құрайды. Ал «Pana Katon Karagay» жобасы «100 QONAQJAI AUYL» бағдарламасы аясында салынбақ. Жоба үш негізгі бағытты қамтиды, атап айтқанда инфрақұрылымды дамыту, экономиканы нығайту және әлеуметтік саланы жетілдіру. Соның аясында аспалы жол, глэмпингтер, ашық аспан астындағы кинотеатрлар, атпен серуендеу орындары салынады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 10 млрд. теңге, ал іске асыру мерзімі – 2030 жылға дейін деп көзделген.