Ұлан ауданының Шымқора ауылында ұлттық өнерді ұлықтап жүрген белгілі домбыра шебері тұрады. Ол осы уақытқа дейін мыңнан астам домбыра жасап, қазақтың қасиетті аспабын кеңінен насихаттап келеді. Шебердің қолынан шыққан туындылар еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, өнерпаздардың сұранысына ие болған. Бүгінде ол өз тәжірибесін жас буынға үйретіп, ұлттық қолөнердің сабақтастығын жалғастырып жүр.

Жанарбек Қазезұлы ағаштан ұлттық нақышта бұйым жасауды балалық шағында бастапты. Қазір домбыраның түр-түрін жасайды. 

Жанарбек Қазезұлы, шебер:

Жалпы, қазақта жиырманың үстінде түрлі домбыра бар. Қазір менің шеберханамда бес түрі тұр. Сол домбыраларды таныстырып өтейін. Мынау Шөміш домбыра, оқушыларға арналған. Материалы ақ қарағайдан жасалған. Бетінде шыршасы бар. Ал мына домбыра, қос саз деп аталады, егіз домбыра депте айтады бұны. Бұл да сол қарағайдан жасалған. Сабы қайыңнан. Мына домбыраның түрі шертер деп аталады. Бұл үш ішекті. Бет қақпағы ешкінің терісінен өзіміз илеп саламыз. Барлығы өзіміздің қолдан шығады. Домбыраның бір түрі ғой бұл да. Мынау қалақ домбыра деп аталады. Мұны бүтін ағаштан шауып жасағам. Бұл да домбыраның бір түрі. Мынау көнеден келе жатқан домбыраның бір түрі. Әзірше менде домбыраның осындай бес түрі бар.

Атажұртқа Алтайдың ар жағынан келген шебер талай күйші мен әншіге арнап домбыра жасаған. Оның қолынан шыққан тағы бір ерекше аспап түрі бар.

Жанарбек Қазезұлы, шебер:

Бұл домбыра тарихымыздағы бар домбыра. Содан есту арқылы қолдан келтіріп жасап шықтық. Мұны қосбетті деп айтады. Бірінші бетіде шертіледі, екінші беті де шертіледі. Бұны тарихта әшейкей ретінде де жасаған. Бірақ ән айтып, күйде ойнаған.

Шебердің зайыбы Әмина Құсманханқызы да кәсібін дөңгелетіп отырған жан. Ол ауыл тұрғындарына қажетті тұрмыстық бұйымдарды сатады. Одан қолы босаса аспаптардың бетіне ою-өрнек түсіреді. Бүгінде қос шебердің қолынан шыққан домбыра Шымқора ауылындағы әр үйдің төрінде ілулі тұр.

Әмина Құсманханқызы, Ж. Қазезұлының жары:

Бір милиметрден қате кетсе дыбысына әсер етеді екен. Ол үлкен жіңішкелікпен істеледі. Екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жолдасымның өнері қолдап, қуаттап шамам келгенше ұсақ-түйектеріне көмектесемін.

Бұл отбасы үшін домбыра – жай ғана аспап емес, ұрпаққа қалатын асыл мұра. Қазір Жанарбек Қазезұлы арнайы уақыт бөліп ұлын да өнерге баулып жүр.

Ерлі-зайыпты қолөнер шеберінің арман-мұраты бір. Ол – ұлттық мұраны ұлықтай отырып, шәкірт тәрбилеу әрі кәсіптерін кеңейту.