Қазақтың тойы – ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасасып келе жатқан құндылықтардың бірі. Алайда бүгінде той өткізудегі көзқарас та, талап та өзгерген. Бірі сән-салтанатқа басымдық берсе, енді бірі қарапайымдылық пен мазмұнға мән беру қажет деп есептейді. Қоғамдағы осы көзқарастар тоғысын тілшіміз Нұртас Қайролдаев саралап қайтты.
Қазір той десе, көпшіліктің ойына қуаныштан бұрын шығыны оралады. Бір күндік думан үшін несие алып, кейін бірнеше жыл бойы қарызын өтейтін отбасылардың қатары көбейген. Әлеуметтік желідегі сән-салтанат та бұл үрдісті күшейте түскендей. Қымбат мейрамхана, танымал әнші, ерекше безендіру – мұның бәрі көпшілік үшін бәсекеге айналып барады.
Бүгінде қарапайым той өткізуді қолдайтындар көбейіп келеді. Өйткені көпшілік үшін ең маңыздысы – ағайынның басын қосу. Тұрғындардың пікірінше, несие алып шығынға батудан гөрі, қолдағы қаражатты жас отбасының баспанасына, тұрмысына немесе болашағына жұмсаған әлдеқайда тиімді.
Нұржан Қасенов, Өскемен қаласы әкімдігінің креативті индустрияны дамыту орталығының басшысы:
Бүкіл ел болып халық болып тойға кіріп кеттікқой негізі. Той жасамаған әулиет жоқ шығар. Тұсау кесер, сүндет той. Енді қуанышпен бөліскен дұрыс бірақ әр нәрсенің орны бар деп ойлаймын. Креативті той дегенде ол сол әулиетке байланысты жеке дайындалып, сол кісіге байланысты ойындар жасау керек. Әр тойда көрсетілетін нәрсе емес, мысалы сіз той жасасаңыз соған арнайы дайындықпен келсе сол креативті жағы деп ойлаймын жалпы.
Сала өкілдері де соңғы жылдары той форматы өзгеріп келе жатқанын айтады. Бұрын көп адамды шақыру мәртебе саналса, қазір ықшам әрі мазмұнды жиындарға басымдық беріліп жатыр. Ең бастысы – дарақылыққа емес, дәстүр мен берекеге мән беру маңызды.
Еркін Абдрахман, Асаба:
Қазір той өзін-өзі ақтайды дегенге келісе алмаймын. Себебі тойханалардың бағасы, өнерпаздардың бағасы барлығы көтерілуде. Сол себепті қатты шығынға батып керек емес. Өзіңнің жағдайыңа байланысты той жасаған тиімді деп ойлаймын. Адам санына байланысты ресторан таңдап тек керектілерді алып той жасаған дұрыс. Ысырап жасамай сүт бетіндегі қаймақтарды жинап той жасаған дұрыс. Одан артық үлкен той жасау қажет емес қазір.
Ануар Ахметқалиев, Шоумен:
Ысырапшылдыққа келетін болсақ, бір жағынан жақсы болды ма локдаун болған кезде ысырапшылдық азая бастады. Оған дейін ерсіп кетті шыны керек. Мүмкін бізде де кінә бар шығар мүмкін халықта да бар шығар. Дегенмен де сол локдауннан кейін ысырапшылдық азая бастады. Бұрынғыдай 400-500 адам емес, тек ет жақындарын 100-150 дің аумағында жеткілікті.
Той – қазақтың қазынасы, ұлттың айнасы. Бірақ оның қадірі қымбат безендіру мен даңғаза думанда емес, ағайынның ауызбіршілігі мен шынайы қуанышында жатыр. Сондықтан тойдың сәнін емес, мәнін алға шығару – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Нұртас Қайролдаев