Қазақ халқы үшін жылқы – еркіндіктің, тектіліктің және ұлттық рухтың болмысы. Ал сол тұлпардың бабын тауып, бәйгеге баптайтын атбегілердің еңбегі қашанда ерекше бағаланған. Аттың мінезін меңгеріп, жүйрікті жарысқа дайындау – тәжірибе мен төзімді талап ететін өнер. 

Бүгінде осы ата кәсіпті жалғастырып жүрген жандардың бірі – Ерік Тоқпаев. Оның күнделікті еңбекті, ұқыптылықты және жауапкершілікті қажет ететін жұмысты жанына серік еткеніне талай жыл болған. Тұлпардың жем-шөбінен бастап, тынығуы мен жаттығуына дейінгі әрбір қадам қатаң бақылауында. Себебі жүйріктің бабы бір күнде келмейді...

Ерік Тоқпаев, атбегі:

Қазір екі жорға баптап отырмыз, мынау Байторы 6 жасар. Келесі Дон Карлеон ол американский 9 жаста. Ең біріншіден жылқының режимі. Уақытында тамақ суын жемін беріп отыру. Шөбі, жоңышқадан жоғары сапалы жем, ақсұлы беріп отырмыз. Жемге қосатын арпаның жармасы, витаминдерін беру керек. 

Бәйгеде жеңіске жеткізетін – тұлпардың жүйріктігі ғана емес. Оның артында атбегінің айлап жасаған еңбегі мен шабандоздың шеберлігі қатар тұрады. 

Заур Амангельдинов, шабандоз:

Аттың қасында жүргеніме 8 жылдай болды. Ең басында мен аламан топ бәйгеге шапқанмын, салмағым жеңіл кезде. Салмақ өсе келе жорғаға ауыстым. Осы жорғада жүргеніме үш жылдай болды. Көп жетістіктерге жеттік, осы атпен. Оның барлығы еңбектің арқасында, осы аттың басында күн демей түн демей аттың қасында жүреміз. 

Айқын Әмірбеков, шабандоз:

Ат спортына қызығушылығым әкемнен пайда болған, атам да бар. Бабадан қалған ат спорты ғой. Катонқарағайда 15 аттай қатысты, топтың алдымен мен ұстап отырып, бір келдім. Осы бапкерім Ерік ағаның ақрасында. 

Атбегілік – жай ғана кәсіп емес, атадан балаға жалғасқан ұлттық мұра. Тұлпардың бабын тауып, қазақтың көкпар, бәйге секілді дәстүрлі спортын дамытып жүрген азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық.

Гүлдана Айдарқызы