Облыста көкжөтелмен ауырған балалардың саны артқан. Мамандардың мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген ауру жағдайларының саны екі есеге көбейген.
Жыл басынан бері өңірде зертханалық жолмен расталған көкжөтелдің 32 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігін мектеп жасына дейінгі балалар құрайды.
Сәуле Слямғазина, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыршаңдық екі есе өсіп тұр. Ауыршаңдық жағдайлары келесі аумақтарда тіркеледі. Өскемен қаласында 28 бала ауырды. Ұлан ауданында 4 жағдай тіркелді. Балалар арасында 1 жасқа дейінгі балалар 14 жағдай тәркелді. 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар арасында 17 науқас тіркелді. Ауырған 32 баланың 30 екпе алмаған.
Көкжөтел – ауа тамшылары арқылы таралатын бактериялық ауру. Ол тыныс алу жолдарының ең жұқпалы инфекцияларының бірі болып саналады. Әсіресе, ауру кішкентай балаларда ауыр өтеді. Өйткені, олар асқынулардың дамуына бейім келеді.
Еркем Қалибекова, ШҚО штаттан тыс бас балалар инфекционисі:
Ең алғашқы кезең катаралды кезең деп аталады. Екі аптаға дейін созылады. Бұл кезде балада жай жөтелу байқалады. Екі аптадан кейін бізде үдемелі жөтел басталады. Бұл кезең 3 аптадан 8 аптаға дейін созылады. 3 апта мен 8 апта аралығында балада өте үдемелі жөтел, күнтіз түні ұйқы жоқ және де қан құйылар болуы мүмкін бұл кезде склерасына. Бізде болған орталық жүйке жүйесіне яғни миына қан құйылу. Бұл бізде мүгедектікке және де тағы да сол жаңағы қайтымсыз процестерге алып келуі мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша көкжөтелден қорғанудың ең тиімді жолы – уақтылы екпе алу. Вакцина - Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген және аурудың ауыр өту қаупін, қауіпті асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Салтанат Кеңесбекқызы