Елде жүзеге асып жатқан саяси реформалар – заман талабына сай жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістердің көрінісі. Осы тұрғыда Құрылтай елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, маңызды шешімдер қабылдайтын негізгі институттардың біріне айналмақ. Сарапшылардың пікірінше оның қызметі халық мүддесіне негізделіп, азаматтардың үнін ескеруге бағытталады.
Саясаттанушы Айгүл Жиренованың айтуынша, Құрылтайдың кәсіби әлеуеті артып келеді. Оның құрамында сегіз комитет жұмыс істейді, сондай-ақ вето қою тәртібі оңтайландырылған. Бұл заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде әлемдегі экономикалық және геосаяси ахуалдың өзгеруі Құрылтай жұмысына да жаңа міндеттер жүктеп отыр. Соның нәтижесінде оның құзыреті кеңейіп, қызметі мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінің барлық дерлік саласын қамтиды. Сарапшының сөзінше, қазір азаматтық белсенділіктің рөлі артып, халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидаты барған сайын нығайып келеді.
Айгүл Жиренова, саясаттанушы:
Бір палаталы парламент пен Құрылтай – тарихи дәстүрдің, өткенмен сабақтастықтың көрінісі. 145 депутаттан тұратын парламент негізгі өкілеттіктердің барлығын өз қолына алды. Оның заң шығару құзыреті де кеңейтілді. Енді ол заң қабылдап қана қоймай, биліктің барлық тармағының жұмысын бақылауға да мүмкіндік алады. Сонымен қатар заң шығару бастамасы құқығы Халық кеңесіне де берілді. Оның құрамындағы 126 өкілдің арасында саяси ұйымдармен қатар қоғамдық ұйымдардың мүшелері бар. Яғни олар да заң жобаларын ұсынуға құқылы. Осының бәрі Құрылтай жұмысының демократиялық сипатын күшейтті. Оның қызметі жүйеленіп, бақылау мүмкіндіктері кеңейді. Сондықтан Құрылтай бүгінде тек заң шығаратын емес, қоғамның пікірін ескеретін кеңесші орган ретінде де маңызды рөл атқарып отыр.