Өскемен қаласының тұрғыны, зейнеткер әйел телефон алаяқтарының құрбаны бола жаздады. Алаяқтардың арбауына түскен ол банк деректерін беруге дайын болған. Алайда алаяқтық схеманы уақытында байқаған такси жүргізушісі зейнеткердің жеке шотындағы бір жарым миллион теңгені сақтап қалды. Толығырақ сюжеттен көрейік...
Төрежан Адабиетов күндегі әдетінше өз жұмысына кірісті. Ол кезекті тапсырысын орындап жүріп, қарапайым ғана сапар бір адамның бар жиған-тергенінен айырылып қалуына жол бермейтінін тіпті ойлаған да жоқ. Көлігіне қарт әйел отырды. Көп ұзамай оған белгісіз біреулер қоңырау шалды. Әңгіме барысында жолаушы әйел олардың айтқанын орындап, жеке мәліметтерін айта бастаған. Мұны естіген жүргізуші бірден түсінді.
Төрежан Адабиетов, Өскемен қаласының тұрғыны:
Машинаға отырғанда менің байқағаным ол кісіде уайым болды. Дауысы қолдары дірілдеп. Маған бір кісілер звандады осылай осылай сіздің счетыңыздан ақша мошенниктер алайын деп жатыр сол үшін біз сізге жаңадан бір счет аштық банкке барып, счетыңыздан ақша шешіп, біздің счетқа салу керек ол сіздің счет болады деп. Ол соған барған негізі. Сол кезде мен сол нөмірге звандадым. Бір еркек орысша сөйлейтін трубканы көтеріп, мен оған анаңызды банкке алып келдім, жолақысын төлеңіз әйтпесе мен оны қайта үйге апарып тастаймын дедім. Маған бірден ақша түсті.
Торежан өзінің жасаған әрекеті өзгелерге үлгі болады деп үміттенеді. Ол адамдарды қырағы болуға және егде жастағы туыстарына телефон алаяқтарының қолданатын схемалары туралы жиі ескертіп отыруға шақырады.
Төрежан Адабиетов, Өскемен қаласының тұрғыны:
Маған да жиі звандаған мошенниктер. Бірақ, біз жас болғандықтан схемасын білесің. Қатты сенбейсің. Сол үшін бізге ешқандай қауіп білдірмейді. Бірақ үлкен кісілерге ол өте қауіпті. Бұлар психолог сияқты жұмыс жасайды. Жақсы сөйлейді. Адамның сеніміне кіріп алады. Сол үшін үлкен кісілерге ескерту керек. Анаңыз, апаңыз болса, туысыңыз болса үлкен кісілер осы ксіәлерге сенбейңіздер деп. Ешқандай өз данныйларыңызды айтпаңыздар. Сіз кодты айтпасаңыз сіздің ақшаңызды ешкім ешқалай ала алмайды.
Алайда мұндай оқиғалар да қаскөйлерді тоқтата алмай отыр. Олар алаяқтық тәсілдерін үнемі өзгертіп, жаңа жағдайларға бейімделіп, сенгіш адамдарды іздеуін жалғастыруда. Полиция өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тіркелген интернет-алаяқтық деректерінің саны азайған. Дегенмен, жастарды қылмыстық схемаларға тактикалық делдалдар, яғни «дропперлер» ретінде тарту фактілері де кездесуде.
Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Ағымдағы жылды өткен жылмен салыстыратын болсақ облыс аумағында интернет алаяқтықтың жалпы кибералаяқтықтың тіркелуі азаюда. Егер де 2025 жылдың уақытына тоқталатын болсақ онда интернеталаяқтықтың тіркелуі 800 астам фактіні құрады. Қазіргі таңда облыс аумағында 700 астам интернеталаяқтық фактісі тіркелді. Көбінесе қазіргі таңда үлкен проблемалардың бірі бұл біздің жастардың дроперлікке байланып қалуы. Яғни, алаяқтар біздің жастарды, жасөспірімдерді интернет арқылы алдап, жеңғіл табыс деп мәлімдеп оларға олардың жеке деректерін немесе карта деректерін өздеріне жымқырады . сол карталар арқылы заңсыз табылған ақшаларды аударады. Кейін тергеу амалдары жүргізілген кезде біздің жастар дроперлікке ілініп, қылмыстық істің аясында тергеліп, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мамандар тұрғындарды қырағылық танытуға, телефон арқылы бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға және қандай жағдай болмасын жеке әрі банк мәліметтерін бөгде тұлғаларға бермеуге шақырады.