Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Облыста балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиілеген. Биыл өңірде осындай 6 оқиға тіркелді. Жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтті.
Жуырда Глубокое ауданы аумағында жеке құрамның қатысуымен акция ұйымдастырылды. Олар көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне барып, терезелеріне арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатты.
Аяулым Кекиева, ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бас маманы:
Осы орайда бүгінгі күні ТЖД Глубокое ауданында ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Балалардың өз бетінше терезені ашып алуын болдырмас үшін арнайы фиксаторлар орнатылды. Бұл ретте ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауларын және үйден шыққанда терезелерді жауып жүруін сұраймыз.
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі – салғырттық. Балаларды бір сәтке қараусыз қалдырудың өзі орны толмас жағдайға әкелуі мүмкін.
Константин Боровиков, Глубокое ауданы ТЖ бөлімінің бастығы:
Өңірде жазатайым оқиғалардың тіркелуіне байланысты тұрғындарға үгіт-насихат парақшалары таратылды. Сонымен қатар, төрт және одан да көп баласы бар және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың терезелеріне арнайы қорғаныс құрылғылары орнатылды.
Балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігінде. Төтенше жағдай туындаған кезде дереу 112 немесе 101 нөміріне хабарласыңыз.
Фатима Тілейханқызы