Құқықтық көмек - әр азаматқа қолжетімді болуы тиіс. Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының құқықтық сауатын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «Құқық кабинеттері» жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Ұлан ауданы Таврия ауылдық округінде былтыр қазан айында ашылған.
Округ аумағында 5 мыңға жуық азамат тіркелгенімен, мұнда 2019 жылдан бері Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істемейді. Сондықтан тұрғындар құжат рәсімдеу, өтініш беру, анықтама алу сынды мәселелемен осы әкімдікке жүгінеді. Бұл бұрышта қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен танысу үшін «Әділет» ақпараттық жүйесіне, «Заң» деректер базасына, e-Otinish, eGov порталы қызметтеріне қолжетімді компьютерлер орнатылған. Қажет жағдайда принтер, веб-камера және басқа техникалар арқылы құжат рәсімделеді. Бастапқыда құқық кабинеті әкімдіктің 1-қабатында орналасқан. Бірақ интернет жылдамдығының төмендігі және арнайы маманның жоқтығы жұмыстың толыққанды жүруіне кедергі болғандықтан, кабинет кейін екінші қабатқа көшірілген. Қазіргі таңда «Құқық кабинеті» жұмыс күндері таңғы сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Мамандар тұрғындарға құқықтық ақпаратпен қамтып, электронды жүйелерді қолдануда бағыт-бағдар береді.
Анна Шулятецкая, Таврия ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы:
Биыл шамамен 512 адамға қызмет көрсетілді. Көбінесе егде жастағы азаматтар жүгінеді. Себебі, емханаларда дәрілерді тегін беру Egov Mobile арқылы рәсімделеді. Ал егде жастағы азаматтар мұндай қосымшаны өз бетімен қолдана алмағандықтан, көмек сұрайды.
Валентина Фетисова, Ұлан ауданының тұрғыны:
Жуықта маған алаяқтар хабарласып, 2 миллион 700 мың теңге көлемінде несие рәсімдемек болды. Мен бірден әкімдікке келдім, қызметкерлер маған несиелік тарихымды жауып, алаяқтардан қорғануға көмектесті. Сондықтан мұндай қызмет түрінің болғаны бізге өте тиімді.