Аймақта орман күзеті күшейді. Әдеттегідей жаңа жыл мерекесі қарсаңында шырша сатып пайда көргісі келетіндер көбейеді. Сондықтан арнайы бекеттер ашылып, жерден де, көктен де барлау жүргізіліп жатыр. Тіпті бұл іске арнайы техника да жұмылдырылды.

Ертісті бойлай Төр Алтайға қарай ұшып барамыз. Қар басқан дала, асқар шың, меңіреу орман...Табиғаттың көркемі Катонқарағай мен Риддерде ғана десеңіз қателесесіз! Көпшілікке беймәлім мынау тұтасқан таулар Алтай ауданына тиесілі. Бұл аймақта Қызыл кітапқа енген бүркіт, ителгі, қарадегелек, ақбас, сұр тырналар кездеседі. Сондай-ақ, халық арасында қызыл балық деп аталатын күмжі мен хариус та Бұқтырмада тіршілік етеді. Аймақтың тұмса табиғатын полиция қызметкерлері мен «Қазәуеорманқорғау» инспекторларынан құралған арнайы топ бақылайды. Мамандар Ми-8 тікұшағымен заңсыз ағаш кескендер мен балық аулаушыларды анықтап, қылмыстың алдын алады. Биылдың өзінде мыңнан астам адам заңсыз әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған.

Дархан Ерсалин, ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

Қызыл кітапқа енген таймень балығын аулау Катонқарағай ауданында анықталды. Бұл бойынша қажетті құжаттар жинақталып, құқық қорғау органдарына берілді. Бұған дейін Черемшанкада заңсыз ағаш кесу анықталған. Құқық қорғау органдарына материалдар жіберген болатынбыз. 1 желтоқсаннан бастап 31 желтоқсан аралығында қылқан жапырақты шыршаларды қорғау ісшаралары жүргізілетін болады.

Тікұшақтың бортынан инспекторлар жерде патруль байқамаған көріністерді айқын көре алады. Мәселен, балықшылардың жасырын тұрақтары, тау бөктерін бойлай жүрген техникалардың іздері биіктіктен көзге шалынады.

Юрий Лесной, «Қазәуеорманқорғау» Өскемен авиациялық бөлімінің басшысы:

Тікұшақ әзірге ең сенімді көлік. Дегенмен де броконьерлер де әккі, айлакер. Олар да түрлі заманауи техниканы қолданады. Бұдан өзге әрине жерде де инспекторлар күнделікті бақылау жүргізеді.

Десек те, тікұшақтармен браконьерлерді барлау қымбатқа түседі. Мәселен бір рет ұшып өту шамамен бір миллион теңгені қажет етеді. Сол себепті табиғатты қорғау инспекторлары қашықтан басқарылатын дрондарды қолдануды жоспарлап отыр. Биылдың өзінде оннан астам ұшқышсыз ұшу құрылғысы сатып алынған.

Қымбат Иманғали