Бүгін Өскемен әкімі Алмат Ақышов ардагерлермен кездесті. Шаһар басшысы ел өміріндегі маңызды саяси оқиға референдум мен жаңа Конституция жобасының маңызы туралы қариялармен тілдесті. Ардагерлер ел дамуына бағытталған жобалардың мәні мен мазмұны жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Өскемен әкімі жиын барысында соңғы 1 жылдағы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Облыс орталығында экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыс қолға алынған. Бүгінде халықтың 56 пайызы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып, салықты 2 пайызға төмендетті. Шаһар басшысы бұл бизнестің дамуына берілген елеулі жеңілдік екендігін айтады. Бұдан бөлек, базарларды жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Бұған дейін базарлар ашық аспан астында орналасса, енді барлығы жабық форматқа көшеді. Сатушыларға да, сатып алушыларға да жылы әрі қолайлы жағдай жасалады.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Мемлекеттік салық саясаты инвестиция тартуға үлкен міндет жүктейтінін жақсы түсінеміз. Қазір жалпыұлттық пул аясында 148 миллиард теңгеге 20 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірлік пулда 1,5 млрд теңгені құрайтын 5 жоба бар. Бағаны тұрақтандыру, оны бақылауда ұстау назардан тыс қалған жоқ.
Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары талқыланды.
Жиын ашық форматта өтіп, қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.
Сағынбек Ақанов, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
Ұлы мұраттар жолында үлкеннің батасын алу аталы сөз есту – бұл қазақтың дәстүріне сай мұра ғой. Бүгінгі жиын ел ағаларының басын қосқан мына референдумның алдында жиын өткізіп жатыр. Референдумға мұқым облысқа, еңбегі сіңген, танымал, ардагерлер, ағаларыңыз, апайларыңыз қатысып отыр.
Ардагерлер ел болашағы үшін мұндай тарихи шешімдердің маңызды екендігін жеткізді.
Аяулым Усинова