Аймақтың жас ғалымдары елде алғаш болып тың жобаны іске асыру бастады. Жоба аясында түрлі бөлшектердің пішініне өзгеріс енгізіледі. Ғылыми тілмен айтсақ, сфероидтау процесі жүреді. Бұл процесс маңызды. Себебі, кез келген бөлшектің пішінін өзгерту арқылы оның сапасын арттыруға болады. Бұл әдіс медицинада, 3D пішіндерді басып шығаруда, өнеркәсіпте, тіпті зымыранға арналған компоненттерді жасауда кеңінен қолданылады.

Университет жанындағы зертхана бүгінде заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зертхана іске қосылғанына көп уақыт өтпесе де, мұндағы мамандардың жеткен жетістігі ауқымды. Ғалымдар қолға алған жоба түрлі заттың құрылымын өзгерте отырып оның сапасын арттыруды көздейді. Ал мұндай өнім әлемде жоғары сұранысқа ие. Бұдан бөлек, медицинада имплант өндірісінде кеңінен қолданылады. Мұндай технология бұған дейін тек шет елде ғана қолжетімді болған.

Арыстанбек Құсайынов, ғылыми қызметкер:

Қазіргі таңда алдымызда тұрған маңызды міндет, аталған технологияны өңірде одан соң елде жемісті іске асыру.Елдегі өндіріс саласында бұл өнідерге сұраныс жоғары. Бұл бағыт Қытай мен Ресейде оңды жолға қойылған. Сондықтан кез-келген өнім өндірілгенде бастапқыда бізге қажетті пішінде болмайды. Сондықтан оны жоғарыда аталған мемлекеттерге жолдаймыз. Сол жақтағы мамандар қажетті пішінге келтірген соң, қайтадан өз өнімімізді сатып аламыз. Міне, осы мәселені шешу үшін, осы жобаны қолға алдық.

Ғылыми орталық небәрі екі жыл бұрын ғана ашылғанымен, осы уақыт ішінде жас ғалымдар алты жобаны жүзеге асырып үлгерген. Соның ішіндегі маңызды бағыттардың бірі- техникаға арналған қорғаныш жабынын әзірлеу.

Ермахан Молбосынов, ғылыми қызметкер:

Орталықты Нұртөлеу Мағазов басқарады. Ғылыми топтың негізгі бөлігін студенттер құрайды. Мұнда олар тек теориямен шектелмейді, технологиялық процесске толық қатысады.

Нұртөлеу Мағазов, ғылыми орталықтың жетекшісі:

Бізде тек зерттеулер ғана емес, нақты технологиялар да бар. Тың технология әзірленіп, толық цикл жүзеге асырылады. Басты мақсат — бәсекеге қабілетті ғалымдарды дайындау. Біз жаңа технологияны әзірлеп қана қоймай, сол технологиямен жұмыс істей алатын, зерттеу жұмыстарын жүргізе алатын мамандарды дайындаймыз.

Зертханадағы процесс үздіксіз жүреді. Ғалымдар түрлі затқа сынақ жүргізіп, олардың беріктік қасиеттерін талдайды. Кейін қорытынды шығарылып, өндіріске тиімді шешім қабылдайды. Ал, әзірленіп жатқан технология алдағы уақытта энергетикада, машина жасауда, ауыл шаруашылығында, биомедицинада, зымыран өндірісінде де қолданылуы мүмкін.