Облыс орталығында «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында өңірлік форум өтті. Форумда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер, көппәтерлі үйлерді басқару және тұрғын үй қорын күтіп ұстау тақырыптары талқыланды.
Тұрғын үйді басқаруға қатысты жаңа талаптар мен энергетика, инфрақұрылымды басқарудың жаңа моделі жиында кеңінен талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, сала мамандары, сонымен қатар мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері қатысты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл жиын тек пікір алмасумен шектелмей, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауды көздейді. Сонымен қатар, форум аясында тұрғын үй қатынастары саласындағы мәселелерді тереңірек талқылау үшін семинар ұйымдастырып отырмыз.
«AMANAT» партиясы ұйымдастырған семинар-форумда «Тұрғындар аманаты» жобасы таныстырылып, оның мақсаты мен міндеттері түсіндірілді. Жоба аясында коммуналдық тарифтер мен абаттандыру, жарықтандыру, лифтілер, интернет, қауіпсіздік мәселелері бойынша жүйелі шешімдер қабылданбақ.
Ержан Жылқыбаев, «AMANAT» партиясының хатшысы:
Елімізде 20 мыңнан астам ОСИ, КСК бірлестігі бар. Екі жарым миллионға жуық көппәтерлі үйлер бар. Былтыр осы тұрғын үй қатынасы жөнінде заңға өзгерістер енгізілді. Біраз мәселе қаралды. Соның ішінде 3 деңгейлі бюджет, ОСИ-ға өту, басқарушы компаниялардың жұмысы соның барлығын қазір біз саралап қарап едік, жер-жерлерде ОСИ, КСК төрағаларының сұрақтары бар екен. Әсіресе, осы үйді басқару жөнінде. Осыны біз сраалап, партия жанынан жақсы алаң болсын, депуттарымыз келіп заңды түсіндірсін деп 1 сағат бойы оқыту семинарын жүргіздік.
Форум барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары ұсынылып, сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиын соңында партия қатарына жаңа мүшелер қабылданды.
Фатима Тілейханқызы