Риддерде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Үздік оқытушы - 2026» облыстық байқауы өтті. Тіл саясатын дамытуға бағытталған маңызды шараны облыстық мәдениет басқармасына қарасты Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы ұйымдастырды. Риддердегі тілдерді оқыту орталығының базасында өткен байқауға облыстың әр өңірінен келген тіл мамандары, оқытушылар мен әдіскерлер қатысты.
Облыстық байқауға қала және аудандардан келген 7 үздік оқытушы қатысты. Қатысушылар өздерінің кәсіби біліктілігін, шығармашылық ізденістерін және заманауи әдістемелік тәжірибелерін ортаға салды.
Әсемгүл Абзалова, облыстық лингвистикалық орталығының директоры:
Облыстық байқау ҚР Тіл саясатын дамыту 2023-2029жж тұжырымдамасын дамыту аясында өткізіліп жатыр. Жылда өткізілетін байқауымыз.
Осылайша әр оқытушы қазақ тілін оқытудағы жаңашыл тәсілдерді таныстырып, мемлекеттік тілді меңгертудегі тиімді әдістерімен бөлісті. Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды.
ІІ кезең «Қазақ тілі сабағында заманауи технологияларды тиімді пайдалану» тақырыбына арналды. Қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды пайдалана отырып, инновациялық сабақ үлгілерін таныстырды. Бұл кезеңде педагогтер қазіргі білім беру үдерісіндегі жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді қолдану жолдарын көрсетті. ІІІ кезеңде байқауға қатысушылар «Менің жеке жетістіктерім» тақырыбында өз портфолиоларын қорғады. Портфолио құрамында педагогтердің кәсіби тәжірибесі, шығармашылық жұмыстары, жетістіктері мен авторлық ізденістері қамтылды.
Ләззат Қайдарова, облыстық лингвистикалық орталығының оқытушысы:
Сабақ беру барысында түрлі платформаларды, технологияларды қолдану барысын, білім беру процесіне еніп жатқан жасанды интеллект процесін өздерінің сабақтарында жиі көрсетіп жатыр.
Гүлнәз Жельменова ересектерге екінші жыл қатарынан қазақ тілін оқытып келеді. Ол Глубокое аудандық тілдерді оқыту орталығы қабырғасында тыңдаушылардың қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақша таза әрі сауатты сөйлеуіне бағыт-бағдар беріп жүр. Ұстаздың айтуынша, әр тыңдаушысының сабаққа деген ынтасы жоғары, белсенділігі ерекше. Бұл — оқытушы еңбегінің нәтижесі мен білім алушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығының айқын көрінісі.
Гүлнәз Жельменова, Глубокое ауданының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:
Қазақ тілін жетік біліп, қазақша, таза, сауатты сөйлеуге дағдыландырып жатырмыз. Біздің тыңдаушыларымыз сабаққа белсенді түрде қатысады. 100 пайыз болмаса да тыңдаушылардың 60-70 пайызы жақсы түсінеді деген ойдамын.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, бас жүлде — Шемонаиха ауданынан келген Гүлбану Керейбаеваға бұйырды.
Гүлбану Керейбаева, Шемонаиха ауданының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұылының облыстық кезеңінде Ахметтану авторлық бағдарламамның тұсауы кесілген. Бүгін міне сондай қауанышты жағдай. Сол авторлық бағдарламамды жалғастырып, «Т іл таным» деген өзге ұлт өкілдерін оқытуда, Ұлт ұстазының дидактикалық материалдарын қолдана отырып, бүгінгі бағдарламамның тағы да бір шарықтау шегіне жетті.
Ал жүлделі І орынды Бақжан Елсінбек иеленіп, Ұлан ауданының Тілдерді оқыту орталығы атынан жоғары нәтиже көрсетті. ІІ орынды Шемонаиха ауданынан келген Диана Абдрасулова қанжығасына байласа, ІІІ орынды самарлық Ардагүл Алтай еншіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар мемлекеттік тілді дамытуға және түрлі аудандардағы тіл үйренушілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Аяулым Усинова