Катонқарағай ауданына қарасты Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектепте облыстық «ALTAI» телеарнасының шығармашылық тобы оқушыларға арналған шеберлік сағатын өткізді. Білім ордасындағы жеке телестудияда оқушылар журналист, оператор және мобилограф ретінде өздерін сынап көріп жүр. Кәсіби мамандармен өткен кездесу мектеп оқушыларына бұқаралық ақпарат құралдарының қыр-сырын жақынырақ танып, телеарнаның ішкі жұмысымен танысуға мүмкіндік берді.

Оқушылар мұнда медиасаланың түрлі бағыттарын меңгеруде. Олар бейнетүсірілім жасаудан бастап, мәтін жазу, монтаждау және камера алдында жұмыс істеу сияқты дағдыларды үйреніп жүр. Шәкірттер ұстаздарымен бірге студияда әртүрлі бағдарламалар дайындап, түсіреді. Әсіресе, сұхбат жанрына ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, дұрыс сұрақ қойып, қажетті ақпаратты ала білу – журналист үшін маңызды дағды. Сонымен қатар, педагогтер оқушыларды Катонқарағай ауданындағы ақын-жазушылар, журналистер, ұстаздар және басқа да танымал тұлғалармен таныстырып, білгендерімен бөлісіп келеді.

Ардақ Бухатова, С. Ластаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

Біз телестудияда әртүрлі бағдарламалар түсіреміз. Келген оқушылар бізбен берге апта жаңалықтарын түсіреміз. Өзіміз монтаждаймыз. Мектебіміззде қандай жаңалықтар, қандай жетістіктер болды соны айтамыз.

Шеберлік сағаты барысында оқушылар телевизиялық сюжет қалай дайындалатынын, журналистердің сұхбат кейіпкерлерімен қалай жұмыс істейтінін және ақпаратты жылдам табудың маңызын білді. Кездесу аясында оқушылар камера алдында жұмыс істеп көріп, сұрақ қоюға дағдыланды. Шараға тек мектеп телестудиясының мүшелері ғана емес, аудандық «Жас тілші» газетіне мақала жазатын жас тілшілер де қатысты.

Айдана Әлібекқызы, мектеп оқушысы:

Менің «Жас тілші» газетіне көптеген мақалаларым шығып отырады. Мысалы, өз мектебімнің жаңалықтары шығып отырғанына қуаныштымын.

Ернұр Теленчинов, мектеп оқушысы:

 «Жас тілші» газетімен байланыс орнатқаныма 2 жыл болды. Осы газетке өзімнің жазған өлеңдерімді жіберіп жүрдім десем де болады.

Толғанай Дағуа, мектеп оқушысы:

Маған бұл студияда жұмыс істеген өте қатты ұнайды. Басында қобалжу сезімі болды.. практика көтерілді деп ойлаймын. Жалпы, мастер класс өте жоғары деңгейде өтті, керекті ақпарат ала алдым.

Осындай кездесулердің арқасында оқушылар бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мамандықтармен жақынырақ танысып қана қоймай, тәжірибелік білім алады. Сондай-ақ өз ойларын еркін жеткізуге үйреніп, шығармашылық қабілеттерін дамытады.

Фатима Тілейханқызы