Өскемендегі Жекпе-жек сарайында жасөспірімдер арасында таеквондодан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Біріншіліке елдің 20 өңірінен келген 800 астам спортшы қатысты. 2012–2014 жылы туған жас таеквондошылар түрлі салмақ дәрежесінде бақ сынап, өзара кім мықтыны анықтады.
Ел чемпионатына Қазақстанның ең үздік жас таеквондошылары қатысып, жарыс болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларды анықтайтын маңызды алаңға айналды. Облыс орталығында осындай ауқымды республикалық доданың өтуі өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, жас спортшылардың тәжірибе алмасуына жол ашатыны сөзсіз.
Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Қатысушылар саны рекордтық деңгейге жетті. Мандаттық комиссия мен ресми салмақ өлшеуден 482 спортшы өтті. Бес күн бойы ұлдар мен қыздар арасындағы тартысты бәсекеге куә болдық. Дәстүрлі түрде Алматы қаласы, Атырау, Жамбыл облыстары және Астана қаласының спортшылары көш бастап келеді. Жалпы, Шығыс Қазақстан жанкүйерлерінің таеквондоға қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Өсіп келе жатқан жас буынның әлеуеті зор. Алдағы уақытта ересектер спортында да өз нәтижемізді көрсетеміз деп сенеміз.
Чемпионат қорытындысы бойынша үздік спортшылар медальдармен марапатталып, байрақты бәсекеде өнер көрсететін спортшылар да анықталды. Командалық есепте қола жүлде Павлодар облысының құрамасына бұйырды.
Інжу Төлеген, чемпионатқа қатысушы (Павлодар қ.):
Командалық есепте үшінші орынды иелендік, ал жеке жарыста өзім бірінші орын алдым. Жарыс жоғары деңгейде өтті, әсіресе қарсыластарым мықты болды, әр кездесу оңайға соққан жоқ. Алдағы жоспарым – халықаралық жарыстарға барып, сол жерде де бірінші орынды жеңіп алу.
Ал командалық есепте күміс жүлдені Атырау облысының спортшылары еншіледі.
Айару Орынғали, чемпионатқа қатысушы (Атырау қ.):
Біз Өскемен қаласына бірінші рет келіп тұрмыз. Оның өзінде біз командалық есепте екінші орын алдық.
Алматы қаласының құрамасы ель біріншілігінің жеңімпазы атанды.
Ралиф Савазов, чемпионатқа қатысушы (Алматы қ.):
Мен жаттықтырушым Болат Мұхамеджанұлына алғыс білдіремін. Ол мені үнемі қолдап келеді. Мен жеңіс тұғырынан көріну үшін аянбай еңбек еттім. Алдағы уақытта да үлкен мақсаттарым бар – жасөспірімдер, ересектер санатында және жалпы әлемдік аренада, Азия, Ислам ойындары мен Олимпиадада да бақ сынағым келеді.
Чемпионат барысында қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, төзімділігін және жеңіске деген жігерін айқын көрсетті.
Нұртас Қайролдаев