Өскеменде «Ғасырлық дәстүрлер» халықаралық сәндік-қолданбалы өнер және кілем тоқу фестивалі басталды. Шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен және шет мемлекеттерден келген 800-ден астам шебер қатысады.
Халықарлық фестиваль үш күнге жоспарланған. Бағдарлама ауқымы кең. Түрлі қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері, шетелден және өзге өңірлерден келген өнер иелерінің шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Бұл іс-шара Халықаралық музей күні аясында ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің негізгі мақсаты бұл баршамызға белгілі. Біріншіден ол ұлттық этнографиялық мұраны сақтап, сәндік қолтаңбалы өнерді де сақтау. Насихаттау. Дәстүрлі қолөнерді дамыту. Сондай-ақ елдердің арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту болып табылады.
Фестивальдің басты ерекшелігі - өңір шеберлері әлемдік рекорд орнатуды мақсат тұтып отыр. Шара аясында жұртшылық назарына ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпе ұсынылады.
Қуандық Құдайбергенов, GBR дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка елдері бойынша бас офицері:
Оның ұзындығы 2 шақырымнан асады. Бұл әсерлі әрі қызықты көрініс болмақ. Бұл — алдын ала мұқият дайындалған рекорд. Мұнда күш сынасу да, аспаздық рекордтар да жоқ. Сондықтан рекордтың міндетті түрде тіркелетініне кепілдік бере аламыз. Дегенмен менің міндетім — оның нақты көлемі мен ұзындығын тексеру.
«Ғасырлық дәстүрлер» жобасы ұлттық құндылықтарды насихаттауға және елдің көпғасырлық мәдени мұрасын сақтауға бағытталған. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын ауқымды мәдени шарақа қатысып, ұлттық мұрамен танысуға шақырады.
Салтанат Кеңесбекқызы