Глубокое ауданындағы Опытное поле жалпы білім беретін мектебінде «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері салтанатты түрде ант қабылдады. Шараны ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Рәсімге 5 және 6-шы сынып оқушылары қатысты.

Шараның мақсаты – жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, әскери қызметке деген қызығушылықты арттыру. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандықтарға құрмет сезімін нығайту.

Серік Бершбаев, ҚР ҰҚК ШҚ ШҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:

5 және 6-сынып оқушыларын «Жас шекарашы» қозғалысына қабылдау рәсімін өткізуде. Бүгіннен бастап оқушылармен әскери-патриоттық бағыттағы сабақтар, танымдық кездесулер ұйымдастырылып, шефтік көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, ант қабылдау рәсімі аясында шәкірттерге «Жас шекарашы» қозғалысының төсбелгілері, әскери киім үлгілері мен арнайы куәліктер табысталып отыр.

Бүгінде білім ордасында 550-ге жуық оқушы білім алады. Мектеп базасында екі кадет сыныбы жұмыс істейді.

Қымбат Әмірбаева, Опытное поле жалпы білім беретін мектебінің директоры:

Осы мектепте былтырдан бері 2 кадет сыныбы ашылған. Бірі қазақ тілінде екіншісі орыс тілінде. Қазіргі таңда 35 бала тәрбиеленуде. Ақпан айынан бастап ҰҚК мен мемарандумға қол қойылған. Сол мемарандум аясында «Жас шекарашы» клубы ашылды. Ол «Жас сарбаз» клубына қосымша клуб ретінде ашылды. Аптасына өткізілетін екі сағат көлемінде табиғи түрде, шынайы түрде осындай іс-шараларды меңгереді.

Ант қабылдаған оқушылардың арасында болашақта әскери қызметпен өмірін байланыстырып, ел қорғаны болуды армандайтын жеткіншектер де аз емес.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас буынның жауапкершілік сезімін арттырып, тәртіпке баулып, Отанға деген сүйіспеншілігін нығайтады. «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.

Нұртас Қайролдаев