Жеңістің 81 жылдығын ұлықтау шарасынан Өскемен жұрты да шет қалған жоқ. Мерекелік шаралар «Жеңіс» мемориалдық кешені аумағында ұйымдастырылып, оған соғыс және тыл ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Шара аясында әдеби-музыкалық композициялар қойылып, патриоттық әндер шырқалып, соғыс жылдарындағы ерлік рухы дәріптелді.

Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылымда майдан даласындағы жауынгерлердің ерлігі, тылдағы халықтың жанқиярлық еңбегі сахналанып, көрермен көңіліне ерекше тебіреніс сыйлады. Бұдан кейін жиналған жұрт «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шығыс Қазақстан облысында Жеңістің 81 көктемін алты Ұлы Отан соғысының ардагері мен үш мыңнан астам тыл еңбеккері қарсы алып отыр. Оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, әлеуметтік көмек пен құрмет үздіксіз көрсетілуде. Шара барысында ардагерлердің бейбіт өмір жолындағы еңбегі мен ерлігі ерекше атап өтілді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгін жанқияр ерлік пен еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген ұлы мереке. Халқымыз «ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп жеріне қорған болған азаматтарды әрқашан ерекше құрметке бөлеген.

Курск шайқасына қатысып, екі көзінен жараланып, майданнан оралған Ауқатай Түйебаевтың ерлігі ел жадында сақтаулы. Әке ерлігін жыл сайын ұмытпай, қызы Бәтиза оны тебіреніспен еске алып отырады.

Бәтиза Ауқатайқызы, қала тұрғыны:

Әкемізді жылда есімізге алып, бүгінде мейрамда да, жай күнде де есімізге алып, құранымызды оқып отырамыз. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Мерекелік шара «Жеңіс рекорды» атты спорттық-патриоттық акциямен жалғасын тапты.Шараның мақсаты - соғыс ардагерлерінің ерлігіне құрмет көрсету.

Бекарыс Дәуренұлы, қала тұрғыны:

81 жыл тәуелсіз, соғыссыз өмір сүріп жатыр екенбіз. Сол уақытта 29 мың 585 күн өтіпті осы аспанымыздың тыныш болғанына. Соның құрметіне, ерлерімізді, балаларымызды, қала халқын жинап, сол санды таңдап алып, рекорд қоямыз деген ойымыз бар.

Шара соңы жергілікті шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.Қала тұрғындары Мәңгілік алау алаңына жиналып, майданда қаза тапқан батырларды еске алды. Алаңда 7 мыңнан астам шырақ жағылып, Жеңіс үшін жанын қиған боздақтарға тағзым жасалды.

Аслан Бауыржанұлы, Өскемен қ. әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының директоры:

Шығыс Қазақстан тұрғындарымен бірге 7200-ге жуық алау жағудамыз. Бүгін кең ауқымды түрлі-түрлі шаралар өтуде. Оның ішінде көрме, лента тарату, шырақ жағу, мерекелік концерттік бағдарлама өтуде.

Кешке келген көрермендер соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, олардың ерлігін ұлықтады.

Жеңіс күніне арналған мерекелік кеш отшашумен қорытындыланды.

Аяулым Усинова