Самар ауданында «AMANAT Керуені» әлеуметтік акциясы басталды. Ауқымды жоба ауыл тұрғындарына кешенді көмек көрсетіп, медициналық, құқықтық және әлеуметтік қызметтерді қолжетімді етуге бағытталған. Игі бастама партияның облыстық филиалы мен әйелдер қанатының ұйымдастыруымен жүзеге асуда.

Жергілікті тұрғындар мұндай бастаманың маңызын ерекше атап өтуде. Әсіресе, ауылда тапшы мамандардың келуі халық үшін үлкен мүмкіндік. Көпшілік дәрігерлерге алғысын білдіріп, мұндай акциялардың жиі ұйымдастырылуын қалайды.

Акция аясында ауыл тұрғындарын дәрігерлер қабылдады. Олар тегін медициналық тексеруден өтті. Сонымен қатар, келушілерге құқықтық кеңес беріліп, әлеуметтік қолдау шаралары түсіндірілді.

Жанат Мекеева, «Amanat» партиясы ШҚОФ атқарушы хатшысы:

Ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын тегін әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында, облыстық онкологиялық орталықтың мамандары жан жақты чекап тексеруге келіп отыр. Ол жақтан оннан артық маман келіп отыр. Сонымен қатар облыстық офтальмалогия орталығынан 5 маман келіп, барлық құрал жабдықтарымен келіп ауыл тұрғындарына көмек көрсетуге дайын. Бұдан бөлек физиатор дәрігерлер бар. ЖИТС орталығының мамандары әлеуметтік аурулар бойынша өздерінің консультацияларын береді.

Шара аясында Самар ауданына облыс орталығынан білікті мамандар келді. Олардың қатарында онкологтар, офтальмологтар, фтизиатрлар және әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу бойынша кеңес беретін мамандар бар. Барлығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, тұрғындарға кешенді тексеру жүргізуде.

Зарина Камасова, «Amanat» партиясы ШҚОФ әйелдер қанатының жетекшісі:

Бұл өте маңызды акция.Біз ауыл тұрғындарына кешенді көмек көрсету үшін келдік. Медициналық, психологиялық және құқықтық кеңес береміз. Мен офтальмолог ретінде айтарым, Самар ауылында 10 жылдан бері көз дәрігері болмаған. Біз қажетті құрал-жабдықтармен келіп, тұрғындарды тексеріп, диагноз қойып, қажет болса көзілдірік жазып береміз. Мұндай акциялар қажет. Себебі, ауыл тұрғындарының бәрі бірдей қалаға бара алмайды. Сонымен қатар, «Шексіз мүмкіндік» акциясы аясында ерекше балалардың ата-аналарымен кездесіп, олардың болашағы мен жұмысқа орналасуына қатысты бағыт-бағдар береміз. Бастама жақсы нәтиже береді деп сенемін. Басты мақсат — ауыл халқына нақты көмек көрсету.

Айта кетейік, «AMANAT Керуені» акциясы аясында медициналық көмектен бөлек, әлеуметтік қолдау, кәсіби бағдар беру және мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Жоба алдағы екі ай бойы ұйымдастырылып,облыстың өзгеде аудандарында жалғасын табады.

Нұртас Қайролдаев