Аймақта балаларды жоспарлы вакцинациялау деңгейі төмендеген. Жыл басынан бері мақсатты топтарды профилактикалық екпемен қамту жоспары орындалмаған. Мамандар мұның себептерін вакцина жеткізіліміндегі кідірістер мен екпеден бас тарту жағдайларының көбеюімен байланыстырып отыр. 

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, перзентханада салынатын вакцинамен қамтылу 91,6 пайызды, ал В вирусты гепатитіне қарсы екпе 88,8 пайызды құраған. Алайда бір жасқа дейінгі балалар арасында пневмококк инфекциясы, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспеге қарсы вакцинация көрсеткіштері айтарлықтай төмен.

Сәуле Слямғазина, ШҚО бойынша санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: 

Қазақстанда 11 инфекцияға: туберкулезге, дифтерияға, полиомиелитке, қызылшаға, эпидемиялық паротитке, қызамыққа, сіреспеге, көкжөтелге, В гепатитіне, гемофильді жұқпаға және пневмококк жұқпасына қарсы егу міндетті болып табылады. Жұқпалы аурушаңдыққа шалдыққан адам осы инфекцияны қайта жұқтыруды қабылдамайтын иммунитетке ие болады. Бірақ науқас адамнан жұқтырған жағдайда пайда болған инфекциялардың көпшілігінің ағымы ауыр және олар асқынуларға дейін жеткізуі мүмкін. 

Мамандардың айтуынша, өңірде екпеден бас тартудың 105 жағдайы тіркелген. Оның 97-сі жеке көзқарасқа байланысты болса, қалғаны вакцинаға сенімсіздік пен әлеуметтік желілердегі теріс ақпараттың әсерінен. 

Әсел Аринова, ШҚО штаттан тыс эпидемиологі: 

Бас тартулардың ең жоғары үлесі: Өскемен қаласында – 76%, Глубокое – 13%, Алтай – 2,8% , Зайсан ауданында – 2,8% құрайды. 

Дегенмен, биыл облыс аумағында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген. Дәрігерлер вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолы екенін айтады. Елде ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген барлық вакциналар тегін жүргізіледі. 

Гүлдана Айдарқызы